Қарлығаш Қабай: «Көлеңкесіне кез болған кесіртке» кітабының қолжазбасы жайлы

   «Көлеңкесіне кез болған кесіртке» кітабының атауы кесірткенің мифологиялық, наным-сенімдік құндылығы негізге алына отырып қойылған. Біріншіден, кесіртке – мифтік нанымда, түркі танымында, ежелгі мысыр аңыздарында «жаңаның»,  қайта туудың, жаңа өмір бастаудың, яғни үміттің символы болған... Көне құлпытастарда егер кесірткенің таңбасы кездессе, ол сенім бойынша адамдар өлгеннен кейін қайта тууға, екінші бір өмірге сенгенін көрсетеді. Бұл – кесірткенің үлкен үрейге тап болғанда өз құйрығын артқа тастап, жаңа құйрық шығара алатын туабітті жаратылысына байланысты адам миындағы қалыптастырған образының өрнегі... Екіншіден, кесірткенің Маңғыстау аңыз-хикаяттарында да алатын орны бар. Үшіншіден, оның жасырыну үшін, қауіп-қатерден сақтану үшін өз түсін өзгертіп, өзі өмір сүрген топырақтың түсіне бүрініп, бейімделе алуы – Тесейдің аңызында айтылатын адамзаттың бастапқы күйі мен өзгерген қалыбы арасындағы талас-тартысты да толық қамти алатын бір мысал болмақ. Кітаптағы «Зуһд» поэмасында адамзаттың осы бір түйіткілді мәселесі пәлсапалық ойлармен жазылған. Ал сол кесірткенің түсін өзгерте алмайтын, мүлдем өзгерте алмайтын жалғыз дүниесі – көлеңкесі. Өз түсін қанша жасырып, өмір сүріп жатқан топырағының түсіне бүрінсе де, күн шыққан сәтте күнмен бірге көлеңкесі де шығатыны белгілі... оның көлеңкесі «бар екенін» сырт көзге көрсетіп, бар шындығын жайып салады. Яғни көлеңке кесірткенің бар екенін де айғақтап қояды, жоқ екенін де есіне түсіреді... Адамзат санасында көлеңке кқбінесе – жасырынудың, өз жаныңа көмілудің символы болса, бұл жерде жасырынудың ғана емес, ақиқаттың да символы. Өйткені қанша жасыруға тырысқаныңмен түпсанаңдағы ақиқаттар оңаша қалған сәтіңде өз жаныңды мүжитінінің көрінісі, қанша жасыруға тырыссаң да қоғамдағы шындықтың бір күні су бетіне шығатынына деген үміт... Осылайша, адам болмысы жайлы мыңдаған жылдарға созылған талас тартыстың ең үлкен өрнегін «кесіртке» символы көз алдымызға құдды бір картина секілді төге салмақ. Осындай қарама-қайшылықтарға негізделген бұл атауды алып отырған кітап көлемді үш поэмадан және өлеңдерден тұрады. 

   Жалпы кітап екі бөлімге негізделген. Бірінші бөлім – «Аса».

   Маңғыстау өңірі – әулиелердің отаны екені анық. «Аса» - сопылық танымда ұстаздың аманаты, ескінің аманаты, ізгілікке бастар құрал ретінде бейнеленеді. «Зуһд» атты поэма осы бөлімге енгізілген. Поэманың өзегі – Маңғыстау өңіріндегі әулиелердің пірі әрі Ясауидің шәкірті ретінде айтылатын Шопан атаның образын басқа қырынан танытуға негізделген көркемдік, пәлсапалық дүниені қамтиды. «Зуһд» атауы – сопылық танымда дүниенің қызығынан баз кешу, Құдайлық жолға түсу дегенді білдірсе, нақты сөздің этимологиясында «тәрк ету, бас тарту» мағыналарына ие. Поэманың мазмұны екі қырын да ашуға негізделген.

   Жалпы адам өмірі, адам болмысы, ізгілік, құстардың мәжілісі, өмірдің шынайы құндылықтарын қамтуға тырысқан бұл шығарма – 15 бөлімнен тұрады. Одан кейін өлеңдер мен Маңғыстау өңіріндегі Түрікмен мен Қазаққа ортақ ғашықтық хикаясы «Ақшора-Белтұран» баяндалатын “Тасбих” поэмасы бар.

   Одан кейінгі кезекте Бекет ата, Жаулы батыр, Жаңаөзен секілді Маңғыстаулық тұлғалардың, қалалардың бейнесін басқа қырынан көрсетуге негізделген гумандық мәндегі өлеңдер орын алады.

   Кітаптың екінші бөлімі – «Терісқақпай» деп аталады. Бұл жерде символикалық тұрғыдан кесірткенің жаңадан туған сәтін, жаңа стильде, басқа танымда көруге болады. Ақтауға арналған, Әбіш Кекілбайға арналған өлеңдер мен теңіз жырлары осы бөлімде берілді. Одан кейін «Елеғажы» поэмасы тағы бар. Елеғажы сөзі – «ащы сулы құдық» деген мағына береді. Үстірттің батысында осы атаумен аталатын, қазір қолданыстан шығып қалған 6 құдық бар. Елеғажы, яғни «ащы сулы алты құдық» – Жүсіптер мен құдықтардың хикаясын баян қылады. Яғни адам өмірінің ащы сулы алты кезеңі...

   Жалпы, «Терісқақпай» сөзі де,  «Терісқақпай» күйі де – өз кезеңінде өнерге келген бір жаңалық болған дүние... Өлеңге қосқымыз келген жаңаша сезімдер мен тосын ойларды осы жерге топтастырдық.

​   Негізінен, кітап – Маңғыстау өңірімен параллельді тұрғыда адам болмысын қатар өруді мақсат тұтып жазылды. ​Өйткені киелі Маңғыстау топырағы – мыңжылдық кітап секілді тіршіліктің, өмір сүрудің басқаша сипатын үйрететіні көрген көзге, сезген көңілге белгілі дүние...

   Маңғыстау сапары барысында тосын ойлар мен тылсым сезімдер қыр соңымыздан қалған жоқ. Себебі өңірдің орналасқан аумағы, шөлді жазық пен теңіздің кескілескен үйлесімі санамызды ғана емес, түйсігімізді де тылсымға толтырды. Жоба барысында, жасыратыны жоқ, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесе ұйымдастырып отырған «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» деп аталатын бұл дүниенің шынымен де жастарға шығармашылықпен айналысуға жасалған үлкен қолдау екенін сезіндік. Бұрыннан жазғымыз келіп, бір түрлі түйсігімізге «алғашқы сөзі» түспей жүрген ойлар мен сезімдерді берудің жаңаша жолдарын іздестірдік... Кітап көпшілік оқырманға арналады. Енді шығып жатқан кітапты оқырманға таныстыру мақсатында жазылып отырған бұл жазбамыздың соңын «әр адамның оқыған немесе оқып жатқан дүниесі құдды қанттың суды құшырлана жұтқандығы құсап рухын кемірсін» деген тілекпен аяқтағымыз келеді...

 

   Құрметпен, Қарлығаш ҚАБАЙ