Назым Хикмет
«Кува-йы Миллие» дастаны – Назым Хикметтің Түркияның азаттық соғысын бөлімдерге бөліп баяндаған классикалық туындыларының бірі. «Кува-йы Миллие» дастаны 1939 жылы Ыстамбұл түрмесінде, 1940 жылы Чанкыры түрмесі мен 1941 жылы Бурса түрмесінде жазылған. Шығарма алғаш рет 1965 жылы «Азаттық соғысы дастаны» деген атпен, кейін 1968 жылы «Кува-йы Миллие» деген атпен жарық көрген.
Бұл шығармасында Назым Хикмет өзінің әдемі, жалпақ және жатық түрікшесімен, қалыптан тыс теңеулерімен бір ұлттың "Ұлттық күресін" баяндап, елі үшін жанын қиған жүз мыңдаған Анадолы халқын кейіпкерге айналдырған.
«Kuvâ-yi Milliye» дастаны
БАСТАҢҒЫ
ОЛАР
Топырақта құмырсқа,
суда балық,
ауада құс секілді құжынаған бәрі..
қорқақ,
батыл,
надан,
ақылды
және жеткіншектеу әлі..
қарғыс атқан жаратушының дәл өзі болатын олар.
дастандарымызда тек қана олардың хикаясы бар.
сатқынның азғыруына көніп
қолдағы байрағын жерге түсірген де,
және соғыстағы дұшпанын тастап, үйлеріне қайтқан да,
құрсақта жатып қанжар сермеген де солар.
жап-жасыл ағаш секілді күлетін де,
дәстүрсіз жылайтын да,
әкеңнен бастап боқтайтын да солар,
дастандарымызда тек қана олардың хикаялары бар.
Темір,
көмір,
және шекер,
қызарған жез бен мата да,
махаббат...қасірет... өмір де...,
өнеркәсіп түрлері де,
аспан мен сайын дала да,
және көкпеңбек мұхит пен
өзендерге апаратын мұңлық жолдар да,
жер аударылған топырақ пен қаланың бақыты да,
бір алакөбеде өзгеріп сала беретін болады әлі...
топырақты езеді зілбатпан қолдар
олар
қараңғылықтың етегінен адымдап кері қайтатын болады әлі....
бір таңда өзгеріп сала беретін болады бәрі...
Ең данышпан айналарға
түрлі-түсті суреттерді шағылыстырған да солар.
ғасырлар майданында жеңген де, жеңілген де өздері болатын.
олар жайлы айтылған сөздер де, жазылған дастандар да сансыз.
және олар жайлы:
шынжырдан басқа жоғалтатын ештеңесі қалмаған делінді...
БІРІНШІ БАП
1918-1919 ЖЫЛ және ҚАРАЖЫЛАН ХИКАЯТЫ
Өртті де, қастандықты да көрдік,
Сонсоң өртенген көздеріміз арқылы
әлемнің төбесінде тұрдық.
919 жылдың соңғы айларындағы Ыстанбұл
919 жылдың мамырында Измир,
Маниса, Менемен, Айдын, Аққисар болса,
Мамырдың ортасынан маусымның ортасына дейін,
шабындық кезеңі,
арпалар орылып, бидайларға кезек келген сәт,
ағып түсті бәрі...
Адана,
Антеп,
Урфа,
Мараш:
аунап түсіп, алысып жатқан...
Өртті де, қастандықты да көрдік
Қанды банкир базарында
мемлекетті сатқандар,
мазарларлардың үстіне келіп жатқандар
жан қайғысына түсіп
жандарын құтқарамыз деп
халықтың ашуынан қашып
қараңғыға сіңіп жоқ болды...
жаралы, қажыған және кедей болатын халық
бірақ азулы айқастарға түсіп шайқасып жатты.
шайқасып жатты екі есе құлдыққа түспеу үшін,
екі есе тоналмау үшін және...
Өртті де, қастандықты да көрдік
Мұрат өзені, Жәнік таулары, Фырат...,
Жасылырмақ, Қызылырмақ,
Гүлтөбе, Тилбешар ойпаты
Тістері ақсиған Ағылшынды көрді.
Ақсу мен Көпсу,
Қаракөл мен Сөгіттікөл
Күміс баспалдақты кесенесінде жатқан ғашық мәйіт
Қораз қауырсынынан жасалған тымақ киген Италиялықты көрді.
және Чукурова,
тегіс тізілген жартастар, беткейлер, таулар
және Сейхун мен Жейхун,
қара көзді Өрік қызы
көк түсті формадағы Французды көрді.
Ал біз өртті де, сатқындықты да көре бердік тағы.
Атақтылар мен дүмпу салғандардың көбі,
ағаларымыз да,
Бағасар ағадан бастап
алып басты Мехмет ағаға дейін
дұшпанмен ауыз жаласқан еді...
Сиырларды, қойларды, ешкілерді айдап әкетіп,
келіннің абыройын төге
балаларды өлтіріп,
тәуелсіздікті өртеп жатқанда дұшпан,
маузері, бесатары мен мылтығы бардың бәрі тауға шықты сол сәт
көшкін сияқты көбейді қарақшылар.
билік құра бастады ауыл тұрғындары сонда
сатпақ ішкиім киген ауыл тұрғындары...
Тунистік және Үндістандық малайлардың арасынан табылды,
бізге жақтасатындар...
Қысық көз, сирек сақалды Түркістандық Қажы Ахмет
кішкентай бесатарын қолына алып таулар сілемінде,
таңда да, шаңқай түсте де, алакеуімде,
айсәулесінде, қараңғылықта та
біздің ел тұтқиылға тап келсе,
құдды жерден өсіп шыққандай-ақ жанынан табылатын ылғи.
сөйтіп соғысып дұшпандарымызбен
ғайып болатын тау жаққа барып тағы...
Өртті де, қастандықты да көрдік
Төздік..
Измирде де, Айдында,
Аданада да төздік, Урфада да, Марашта да, Антепте де...
Антептіктер мерген келеді,
Тіптен ұшқан тырнаны да қалт жібермес мылтығы.
Қашқан қоянды артқы аяғынан атып түсірердей тіпті.
және араб атының үстіне жап-жасыл сауырдай тік отырады олар..
Антеп шыжыған ыстық
Антеп темірдей қатал...
Антеп халқы мерген келеді...
Антеп халқы ержүрек халық...
Қаражылан
қаражыланға айналмай тұрып
Антептің ауылдарын шарлап жүретін.
бақытты ма, бақытсыз ба әйтеуір
бір ән сарнап жүретін..
далалық тышқан секілді өмір сүретін ол
далалық тышқандардай қорқақ болатын..
Қаһармандық - атпен, мылтықпен, туған топырақпен қонады адамға,
ал оның аты, мылтығы, топырағы да болмаған.
Мойны сабандай жіңішке, жалпақбас болатын қаражылан
қаражыланға айналмай тұрып...
Дұшпандар Антепке адым атқан сәт
Антеп халқы оны
қорқынышын көмген пісте ағашының үстінен тауып алады.
Астына ат, қолына мылтық берді сонсоң..
Антеп – қатал да қатқыл жер,
қызыл жартастарын
жасыл кесірткелер мекен қылатын..
ауада ілгері-кейінді қалықтайды
қайнаған бұлттар...
Жау әр төбеден қыспаққа алған сәт,
зеңбіректермен қоршалған Антеп халқы
ойпатты жерлерде
кептеліп қалды.
Дұшпан оқ жаудырып жатты,
Топырақты түбімен қопарып.
Жау әр төбеден қыспаққа алған,
аққан Антептің қаны..
Тегіс жазықта өскен бір тал гүлдің көшетін көздеген,
Қаражылан қаражылан болмай тұрғанда нысанаға алып.
Сондай кішкентай нәзік бір гүл еді
ал Қаражыланның үрейі де, бассүйегі де алып болатын.
оқпанға бір де бір оқ жүгіртпестен
етпеттеп жататын..
Антеп шыжыған ыстық
Антеп темірдей қатал...
Антеп халқы мерген келеді...
Антеп халқы ержүрек халық...
бірақ жаудың қолында зеңбірек бар болатын
қолдан келер қайран жоқ тағдырға..
тегіс жазығын Антеп халқы
дұшпанның уысына тастауға мәжбүр...
Қаражылан
қаражыланға айналмай тұрып
ақыретке дейін Антеп жау қолында қалса да
бәрібір болатын оған..
өйткені «ойлануды» ешкім үйретпеген еді әлі,
Құм арасында дала тышқаны секілді өмір сүретін ол..
дала тышқаны секілді қорқақ болатын және...
нысанасына бір тал гүлдің көшетін алып
етпетінен жата беретін түбінде сол гүлдің.
ақтастың арғы жағынан қара жылан ақситып басын шығарды
Терісі жылтыр,
көздеррі оттан да қып-қызыл,
тілі айыр болатын оның...
Бір күні аңдаусыз келген оқ басын кеседі,
Қаражылан өлді деседі...
Қаражылан
қаражыланға айналмай тұрып
өз табиғатын көріп
айқайға басқан жан дауысымен
өмірінде тұңғыш рет ойланған қаражылан...:
«Ғибрат ал, алаңғасар көңіл,
темір сандыққа тығылсаң да тауып алады сені,
ақ тастың артына тығылған қара жыланды тапқандай... өлім...»
Дала тышқаны құсап өмір кешіп,
дала тышқанындай қорқақ болған қаражылан,
ыршып ілгері жүгірген сәт
Антеп халқының бойын ашу билеп,
соңынан ағылады оның.
төбелерді басқан қалың жауды
төбелерде шайнап тастады олар...
Дала тышқаны құсап өмір кешіп,
дала тышқанындай қорқақ болғандарға
Қаражылан деп ат қоятын болды сонсоң...
Антеп халқы...
Аударған: Қарлығаш ҚАБАЙ