Әкбәр Қошалы: «Жүрегімді жылытқан қыз, бір күні жылытарсың қабірімді де...»
Әкбәр Қошалы 1973 жылдың 3 сәуірінде Әзербайжанның Товуз ауданы Қоша ауылында дүниеге келген. Ақын, жазушы, публицист, Әзербайжан жазушылар одағының (1998 жылдан) және Әзербайжан журналистер одағының (1995 жылдан) мүшесі.
Жаңашылдық пен ескішілдікті, алыс пен жақынды, кәрі мен жасты жатсынбай, ең аяулысын «отанқызы» деп сүйетін, отанында қылмыс жасаудың өзін «қымбат» көретін ақынның болмысы қаншалықты биік болса, соншалықты сезімтал екенін көресіз. Олай болса, ақынның «Ұзын сөздің қысқасын» айтатын топтамасын оқыңыздар...
Аудармашыдан
«Ұзын сөздің қысқасы» (топтама)
***
Тағы да үнсіз қалды ма теңіз бен таулар?
***
Жүрек бір-ақ рет жаулап алынады,
Қалғанының бәрі басып алу..
***
Мені көру – сүннет,
Сені көру – парыз болатын...
***
Сағыну – бітсін,
Сағыныш – бітпесін.
***
Жүрегімді жылытқан қыз,
Бір күні жылытарсың қабірімді де...
Күні келгенде..
***
Көзіме көмілген
Қып-қызыл қалампырлы,
аппақ кебінге оранған сағынышым!
Көзім енді сары түске боялмайтын шығар...
***
Мен жолға шықты десе, сенбеңіз.
Мен жолға шықпаймын.
Менің жолға шығуым –
Жолмен жолдас болып,
Жолдарды аяғымның астына жинап жүруім деген сөз...
***
Сол бір күнәсіз таза еріннен сүйген ернімді,
Көздерімнен құйылған
Тұзды сулармен жудым.
Бірақ махаббатты толығымен
Ұмытып қалған деп
ойламаңыз әлі...
***
Тілектердің бәрін қабыл алуға қабілетсіз ұзын шашың
Бодандықта асылып өлуге жарады ма,
«Отанқызы»?!
Сенің табаныңның астында қылмыскерге де айнала алмадым қылмыс жасап,
Сол үшін мені ешқашан кешіруші болма...
***
Тағы да бодандықтағы бір күн.
Күлген де, жылаған да емеспін.
Өмір сүріп те, өліп те көрмедім.
А, Құдай,
Не үшін төзіп келе жатырмын әлі?!
***
Бір сөз айтып жұбатқым келеді,
Бос бесікті тербетіп бесік жырын айтқан әйелді.
Тәңірім, өзің сабыр бере көр,
бос табыттың анасына...
***
Күнтізбеде күндердің ауысқаны үшін,
Той жасап көрмеппін, күтпеші.
Өмірдің үтірі дедім оларды.
Құдайлық құзырда нүктесі!
Мен болсам, сені сүю арқылы өміріме
Леп белгісін қойдым, тіпті, осы!
***
Мен тастарды да
гүлдерді сүйгенімдей сүйдім.
Тастар – әлемдегі
Ең үлкен естеліктестеріміз
Раушангүл сынды.
Тастар – отанның бауырлары,
Отандас сынды...
***
Кешкісін де емес, алагеуім де емес,
Бейуақта оянған көздерім.
Қуанышы да, қайғысы да қалмағанын көрді
Немен алысады енді жүрегім?
Көзіміз көрсе де соқыр!
Қолымыз созылса да, қауыша алмайды.
Сондықтан кел деуші де, кет деуші де болма маған.
Тәтті де, у да ұсынба, тіптен...
***
Жусан иіскемегелі көп жыл өтті..
Атқа да мінбедік.
Өлсек үстімізге көрпе жаба ма жер?
Оны да білмейміз...
Ант ішкен сәт
Байраққа, аспанға, айға, сұлулыққа қарап тұрып
Ант ішпейміз неге?
Құлағымыз да көкбөрінің дауысын бөтенситін болды...
Есік қақсам,
«Нендей мәселең бар?» деп
Сұрайды ел тағы...
Аударған: Қарлығаш ҚАБАЙ