Өлең туралы сөз қозғаған кезде барлығы, ең алдымен, «өлең былай жазылуы керек» немесе «өлең олай жазылмауы керек» деп, ақыл айта бастайды. Шүбәсіз, ХХІ ғасырдағы Қазақ әдебиетіндегі алып тартыс – ұйқасу немесе ұйқаспау мәселесінің айналасында өрбіп жатыр. «Дәстүрлі өлең» мен «дәстүрсіз, жаңашыл өлең» теориясы немесе «шығысшыл» өлең мен «батысшыл» өлең қағидасы деп сұрыптап, осы көзбен көретіндер де бар екені – ақиқат.
Дәстүрлі өлең осы күнге дейін қимыл (етістік) мен сезімге табан тіреп келгені де – өтірік емес.
Қазір бізге тиесілі жалғыз нәрсе – үнсіздігіміз... Өйткені өзіне ғана тән еркіндігі жоқ қоғамның поэзиясында қимыл болмайды. Сіз қимыл жоқ жерде сезім көрдіңіз бе? Қимыл жоқ жерде сезімді жасайтын – ой ғана. Қиял деген дүние – әсілі сіздің ойыңыз... Түйсігіңіздің бүршік атқан жерінде қиялыңыз бен ойыңыз қатар қанат қағады. Сол үшін қазіргі поэзия ойға келіп арқа сүйеді...
Ал сол ой деген дүниені еш нәрсе шектей алмайды. Бір адамның еркіндігін уысынан сыпырып ала аласыз, бірақ ойын ешқашан ала алмайсыз... Сол үшін де қазіргі поэзия ойға келіп арқа сүйеді. Қазіргі поэзия өз ойын ешқандай шеңберге қамағысы келмейді. Сол үшін де айналадағы барлық зат – жанды бола алады. Сол үшін де айналадағы барлық зат – ұйқасты өлеңнің «төртбұрыш» кеңістігіне ешқашан сыймайды. Сол үшін де қазіргі поэзия өз ойы мен сезімін ешқандай пішінге салғысы келмейді, қамағысы келмейді. Қазіргі поэзияда әр заттың өз рухы бар. Сонымен қатар әр заттың өз таңдауы немесе таңдаусыздығы да бар. Жылдар бойы еркіндігінен жырақ қалған, «төртбұрышты» түсініктерге, ойларға, сезімдерге әбден еті өліп кеткен бір елдің рухын тірілту үшін тұтас жаратылысқа қайтадан жан беріп жатқан секілді көрінеді маған қазіргі ӨЛЕҢ... Олай болса, қазіргі өлеңнің еркіндігін шектеуге ешкімнің құқығы жоқ.
Абзал Сүлейменнің өлеңдеріндегі «жел» болып кету аңсары да – сол бір мыңдаған жыл бойы шынжырланған еркіндікке деген аңсар. Кейде қоғамның жасандылығы мен екіжүзділігін көріп, әбден қалжыраған бір тіршіліктің «жел болып ұшып, жоқ болып кетуге» деген аңсары сынды да елестеуі мүмкін... Күндердің бір күні «ешкімге» ұқсамағыңыз келсе, жауыр болған, әбден шегіне жетіп жазылып қойған стильдер мен ойлардан, сезімдерден бас тартып, еркін қалыбыңызды «үфф» деп үрлеп, желге ұшырып жіберетін сәтіңіз келеді. Сол сәтте осы өлеңдерді оқыңыз... Сол сәтте тағы да қазақ поэзиясы ойға келіп арқа сүйейтін болады...
Жер үстіндегілер қабылдамайтын ойлар мен сезімдер, өлеңдер мен кітаптар "жер астында" жариялансыншы деген ащы әзілге негізделіп ашылған бұл әдебиет пен өнер сайтына осыған дейін тек шетелдік авторлардың "тосын" туындыларының аудармасын жариялап жүрдік. Қазақ әдебиетінен ақын, аудармашы Абзал Сүлейменнің өлеңдерін алдарыңызға ұсынып отырмыз...
Қарлығаш ҚАБАЙ
Абзал СҮЛЕЙМЕН:
ЖЕЛГЕ ҰШҚАН ТҮСТЕР
Тағы біз,
Тәніміз байланған қараңғы көшені кезуге мәжбүрміз,
Біздің көзіміз де, қолымыз да байланған.
Жалаңаш ағаштар қолдарын созып шақырады тағы —
жел ізін салған көшеге…
Яки бір қыстың,
Яки бір күздің
салқыны кезеді,
самалы еседі,
Көп қабатты үйлерді әлдилеп.
Түс пен өңнің сірескен жібін үзуге тырысып.
Үнсіз бақылауға ғана жетеді шамамыз,
Қолымыздан жел болу жайлы армандау ғана келеді…
Сосын тағы жүреміз көшеде түнекке ұмтылып,
Күн орнына күн болуға тырысқан шамдарға көңіліміз толмай,
Менің де жел болғым келді…
***
ТҰМАН
Қырау сояуын шаншып, гүл сабағын құрсауға алды,
Терезеден шыққан ыстық ауа –
Кеше де,
Бүгін де қалаға жайылған тұманға сіңе береді,
Сіңе береді міз бақпай тұрған аспанға…
Таксиде,
Үйде,
Дүкенде де радиодағы жүргізушінің дауысы естілді:
«Анасы баласын таба алмай қалды»,
«Анасы баласын таба алмай қалды»…
Қырау құрсауындағы гүлдің өлімі,
Тұман құрсауындағы қаланың ұйқысы,
Радиодағы диктордың дауысы –
сіңе береді, сіңе береді міз бақпай тұрған аспанға…
***
ҮРДІС
Көрдіңіз бе сіз Айды?
Бетін сипаған әже төсек тартқалы бері
Айға сәлем беруді қойған.
терезеден түскен сәуле
Оның да бетінен сипай алмас.
Шекара сызығына айналған өзен де тартылуға шақ,
Бұл жерде тіршілік болмағалы қашан?
Жағадағы қамыстар жапырылғанда
Су бетінде тек Ай сәулесінің дірілі ғана көрінетін.
– Жүріңіз , тас атып ойнайық!
– «Енді бұл жерде су да жоқ!»*
– Жүріңіз, қолымнан ұстаңыз!
– «Шіркін, бір тамшы су болсашы!»*
Сор түбінен ұшқан топырақтан да ауыр қайғыға,
Жон арқасын желге тосқан
Дала шөбі де шөгеді.
Сіз зират басына көшкен мыңдаған Айды көрдіңіз бе?
Мүктің үнемі ағаштың солтүстік бетіне бітетінін айтқанда,
Сіз көрдіңіз бе
Мыңдаған айдың сөнгенін?
(*Т.Элиоттың «Шөл» поэмасынан)
***
ƏКЕ ӨЛТІРУ
Қашан өткені де,
Қалай өткені де белгісіз балалық шағымыз
Бізді тапжылмай күткен туған жерде əкені еске алдық,
Лезде ұмытуға тырысып қайта.
Мəйітті жерлеушілердің ауаны тербеген күрсінісі,
Артында жылағандардың ауық-ауық дауысы -
Бір сəт ауада қалқып...
Бір сəтке бəрі меңіреу күй кешіп,
Ештеңенің мəңгі еместігін түсінгендей.
Аяғымызды сүйретіп басамыз,
Құдды тек қозғалыс қана тірілтердей уақытты...
Оның соңғы сапарында желден жусан жапырылып,
Құйын топырақ көтерді.
Жерледік сосын біз оны,
Естеліктерімізбен бірге зіл батпан топырақ астына...
***
ҚАРҒА ЖАЗЫЛҒАН ЕСТЕЛІК
Сонда біз қарадық көшеге,
Мең-зеңдіктен ажырауға тырысып,
Жаңа жауған қарға тамсанып.
Өміріміздің бір күні қайталанғандай,
Естеліктерімізді еріксіз айтамыз…
Мынау ызғарлы түнде,
Жол бетіндегі шалшықты мұз қармағандай,
терезелерді қырау басқандай,
Көктемге дейін мүлгіген ағаштардай,
Жартылай өледі бәрі.
Шам жарығында анық көрінген қар ұлпаларына қараған қыз,
Тағы бір жылдың келгенін енді сезінгендей,
Қолдарын жазады,
Лезде жолды кесіп өтуге тырысып.
Қала солай жартылай өледі,
Тәнінен босап,
Құстар түнде ұйқыға кеткенде.
Ұшады солай,
Ұшады биік,
Қалқиды ұзақ уақытша.
Уақытша естеліктерін ойлайды ұзақ,
Тағы бір мәрте қар жауғанға дейін…
***
РЕЛИКТІ ШАҒАЛА*
Жүздеген,
Мыңдаған шақырымдарды
Артқа тастап,
Аралтөбеге** қайта оралғанда,
Өзіне таныс көлдің бетінде шағала,
Өзіне бейтаныс көлдің бетіндегі балапан
Қайта ұшуға қамданады,
Көк ала толқынның жалында қалқып.
Ескі де емес және жаңа да,
Өліара кезеңнің ұлы құсы,
Тамырының тереңге бойлағанын да, бірақ
Планетаға әмірі жүрген динозаврлар дәуірінің
Қайта келмейтінін де біледі.
Біледі сосын ол мынау көлдің де
Көне теңіздің бөлшегі екендігін.
Ештеңе өспейтін аралдағы
қиыршық тастарға,
Жемтігін төсеген,
Шуылдақ мыңдаған шағала
Адам қолынан қаза тапқанда;
Ештеңе өспейтін аралдағы
Қиыршық тастарға,
Мамық қауырсынын төсеген,
Шаңқылдаған жүздеген шағала,
Адам қолынан қаза тапқанда;
Ештеңе өспейтін аралдағы
Қиыршық тастарға,
Өз денесін төсеген,
Сыбырлаған қос шағала
Адам қолынан қаза тапқанда,
Ешкім де азалы дауыс естімеді..,
Биыл да Аралтөбе жетім…
*Реликті шағала – көне заман шағаласы
**Аралтөбе – Алакөл көліндегі реликті шағала ұя салатын арал