Еділбек ДҮЙСЕН өлеңдері яки «түйсіктің жаңа ракурсы»

 

   Әйел ақындардың ішінде мен сүйетін Фүруғ (Форуғ) Ферруһзадтың:

   «...Бір ғұмыр бойы тізе бүге алады адам,

   Иілген маңдайымен бірге суық күмбездің табалдырығында.

   Беймәлім бір қабірден Тәңірді көре алады адам

   Көк тиындай құнсыз бір сеніммен илана алады оған.

   Мешіттің тар бөлмелерінде шіріп тына алады адам

   Қабір дұғасын күбірлеген шырақшы секілді...

   Қосқанда, кеміткенде, көбейткенде де

   нөл сынды

   әрдайым бір ғана нәтижеге келіп тіреле алады адам...», - дейтін бір шумақтары бар.

   «Құрастырмалы қуыршақ» секілді адам өмірінің өзіне дейінгі әлем мен өзіне дейінгі қоғамның ішінде қалай шіріп тынатынын суреттейтін бұл өлең – қарапайым да күрделі ракурсы арқылы ерекше ойлар мен сезімдерді түйсігімізге толтырады. Еділбек Дүйсен өлеңдеріндегі «Хақтың жүзінші есімін іздеп жүрген» адам мен «Соғысқа сіңіп кеткен ойлар» да өзге ракурстан, өзге талғамнан туған дүниелер... Жаңа поэзияны тек қана ұйқасып-ұйқаспауымен өлшегісі келетін тұлғалар осындай жаңаша ракурстарды, сана мен түйсіктің көркем диалогтарын ескеруді ұмытпаса екен дейміз...

   Сонсоң «қарапайым да күрделі» ракурс деп атап өттік жоғарыда. Едип Жансевердің бір сұхбатын әдебиет порталында жариялаған болатынбыз өткенде. Сол жерде қаламгер «Шебер ақынды ескірту» туралы қызық ойларын бөліседі. Яғни мәселе «Өзін оқырман толық түсініп қоятын болса, шебер ақын ескіреді» дегенге келіп тіреледі. Еділбек Дүйсеннің өлеңдерінде маған ұнайтын дүние күрделі ойларды жеңіл ғана метафораларға төге алу арқылы сәтті түрде күрделі мен жеңілдің «бел ортасын» жасауы. Осылайша қазақ әдебиетіндегі «ескі» мен «жаңа» арасындағы шайқасты да ымыраға келтіретін секілді... Олай болса Еділбек Дүйсеннің «жаңа» да «ескі» өлеңдерін оқыңыздар. Тек «Бөлме ішіндегі Вагнер әуенін сүйреп алып кеткен терезе алдынан өткен автобус» секілді Еділбектің өлеңдерінің ішіндегі ойлар мен сезімдерді сүйреп алып кетіп жүрмеңіздер;)...

Қарлығаш ҚАБАЙ

 

 

Еділбек ДҮЙСЕН:

 

TWISTING

(Алматыдағы бұрынғы Украина елшілігі алдындағы ой)

 

Үйлер…

Көшелер…

…соғысқа аттанған.

Сүреңсіз.

Сұрықсыз.

Өлі.

Менің де кей-кейде түсіме кіреді –

Кері аққан көз жасы жүрегін суғарған

Кірленген ойыншықтар Елі.

 

Соғыстан қайтпаған Жалаулар секілді,

Ойлар да соғысқа сіңген.

Құмарлық бар жерде қиянат боларын

Мігірсіз меңзейді

Бояулар,

Тілдер.

 

Көз жасы менде емес,

Мен көз жасы ішінде секілді шақ бұл…

…Сен енді іздеуді доғаршы, жарығым,

Жүзінші есімін Хақтың.

 

ҰЙҚЫСЫРАУ

Əлі есімде...
Жел үйірген қоқыс ішінен ұшқан тарғыл шүберек
Ауыл үстін айналып жүріп
кетеуі кеткен ескі бағанаға ілінді.
Содан бастап, тарғыл түс – ұранға айналды,
Тарғыл шүберек – жалауға айналды.
Ескілік – беріктік мәніне ауысты,
Бағана – қасиетті ағашқа айналды.

Мен де бəрі секілді бұған құлай сендім.

Биіктікті батпырауығым жеткен жермен,
Тереңдікті құдық түбіне лақтырылған таспен өлшедім.
Құдірет туралы ашық айтудан қорықтым,
Кейін, ашық айтпаудың құдірет екенін түсіндім.
Жылап аққан қанның өзінен Оған тəн реңді іздедім.
Кейін, Құдайды қарғаған шешем дауысынан селк етіп ояндым...

Жоқ, бұл менің түсім екен деймін.

Терезе түбінде азан даусы ұйып тұр,
Иə, əлбетте!
Естімек үшін терезе ашуға ұмтыламын,
Сайтан алғыр!
Ылғи да құдайсыз кітаптарға сүрініп кетемін.

Жоқ, бұл менің түсім емес деймін...

 

ҚАЙТАЛАНУ

 

Бір-ақ түнде...

Барлық бақбақ біткеннің басындағы

үлпілдектер

өз еріктерімен ұшып кетті

 

Екі сағаттан соң

терезені ашқанымда

сүйреп әкетті

бөлме ішіндегі Вагнер әуенін

терезе алдынан өткен автобус 

 

Ертесіне

естідім

ескіріп үлгерген жаңалықтардан 

қорым басына барған тақуаны

жабайы кәрі жыланның шағып өлтіргенін.

 

Содан кейін сорасы аққан қорым жетім қалды.

 

Содан бері

құлағыма әлдекім сыбырлап кетеді

болар-болмас

«Сенің құлшылығың – ең үлкен екіжүзділігің»...

 

 

***

 

1

 

Жан қабығын сылып тастап,

Қызыл қарашамен бірге жүрелей отырып,

Көне қорым басына (құлағы қақшиған)

Қазық қағуды ойладым.

 

2

 

Ниетке ақы сұрауға болар ма?!

Ерте есейген қарындасыңды сен де ойлаймысың?

Сұрайын, ұмытылғай деп

Жұмақ жақтан естіген сол бір күрсініс.

 

3

 

Ырғаққа түспеген осы бір ғұмырға

Кімнің еңбегі көбірек сіңді?!

Кімнің еншілеуге құқы бар?!

Менің бе?!

Құдайдың ба?!

 

 

РЕСПУБЛИКА АЛАҢЫ

 

Өлең шөп барқын қара мақпал сынды,

Мақпалды сусыма құм жапқан сынды.

Құм басып өлген қыздың қолаң шашы,

   Бұрқырап сыртқа шығып жатқан сынды,

                                  Өлең шөп, өлең шөп – Қазақстан.

 

                            Есенғали Раушанов

 

Мұның бәрі де әу баста қиялда құрылған.

Қаһармандар мен жендеттердің саны,

Ереуілдер мен үндеулердің ақыры,

Ресми ақпараттардың мәтіні,

Оған деген менің болжалды жиіркенішім.

Мұның бәрі де әу баста қиялда тұрғызылған.

 

Олар қиял қамалы қирамауы үшін,

Өткен көпірлерін өртеп отырды,

«Төккен көз жасы» мен «шеккен азабын» айтты,

Күнәға баладық.

"Күнә да құдайлық" деді.

 

(Мұның бәрі де әу баста қиялда құрылған).

Ескі [Жаңа] Өзен көшелерінде де,

Аспан тамып тұратын Алматыда да,

Қазақ болып өмір сүру мүмкін емес секілді.

Тек, алдымызда күтеді бізді –

Үстіне өрмекшілер тор құрып үлгерген қалың тұман.

 

* *  *

Қаңғып жүріп қараңғы ойдың ішінде,

Мен де есейдім,

Өлімім де есейді.

Түн ұзағы көріп шығам түсімде,

Елде қалған шешейді.

 

Елде қалған.

Төмен қарап

“Кеп тұр” деп...

Жанын сығып, жігерлі.

Тұрмыс қамы.

Аз тынығу.

Көп дүрмек.

Мені есейтіп жіберді.

 

Есейгенім –

Құтылғаным отынан,

Жан жылытпас желіктің.

Келешегім еске түспей отырам,

Тас төбемнен төніп түн.

 

Түнек кезіп,

таппай титтей жалқы нұр,

Жүрем сатып көзімді.

Айнасына қарасам да әркімнің,

Көрем ылғи өзімді.

 

Шатағым жоқ ұрандармен былайғы,

Жеңілгенім рас па екен ұрыста?!

............................................................

Жаздыгүні

бір уыс қар жылайды,

Қалып қойған қуыста...

 

АЛДАНҒАН

 

Құрғақ іңір.

Көк мешіт.

Лыпасы жоқ ескі бақ.

Мешіт үсті ұшады қарқылдаған көш шұбап.

 

Қара ағаштың ең соңғы жапырағын үгітіп,

Көшеді олар түн жайлы ертегіні ұмытып.

 

Мен қаламын осында шағырымды құшақтап,

Жас төгеді ол шым-шымдап уысыма түсі аппақ.

 

Жүрекмүсін, ғасырдың жазығы жоқ, жазғырма,

Тіл тигізбе Тәңірге!

Тіл тигізбе Тағдырға!

 

Күннің нұрын алаңсыз доңғалатып аңғалақ,

Өзгеріссіз өтеді мендік ғұмыр жол қарап.

 

Мен дегенің... –  пақырмын, аяқталған мерекем,

Қашып едім Тағдырдан.

Тағдыр деген сол екен.

 

Мәнсіздікпен бітер деп алдымдағы жол тағы,

Үмітсіздік ішінде қалтыраймын,

Қорқамын.

 

Уақыттың қарызы келеді әлі өтелмей,

Көлеңкесі көліктің езіп... жаншып кетердей

 

үрейімді үрлейді.

О, о несі, о несі?

Өздеріндей мен-дағы бір ғұмырдың егесі

 

емеспін бе?

Бақ пен сор арқалаған, жоқ қармап,

Көше шамы бітетін теңіз жақты бетке алған.

 

Аспан жақтан әуезді ести алмай бір өлең,

Көшпендінің қираған шаңырағына түнеген.

 

Оты сөнген шаңырақ, оңалмайтын мәңгілік,

Кетті бәрі жөніне, бізді жұртқа қалдырып.

 

Көкке ұмсынып,

ошақтан түтін шығар дірілдеп,

«Кел, соңыма жалған» деп, бұлт тұрады күлімдеп...

 

Еділбек ДҮЙСЕН