«ҚҰДАЙ КҮЛГЕНДЕ»
(Әңгіме)
Джек ЛОНДОН
Аһ, Құдайлар, Құдайлар...
Құдайлар бәрінен мықты.
Уақыт та олардың алдында қауқарсыз.
Тізе бүгеді оларға бар адам және
Барлық дұғалар қалықтайды соларға қарай
Шам түтіні құсап...
Иа...
Өйткені олар – Құдайлар, Фелица...
Каркинеc ақыры жымиып, орындықты пешке қарай жақындатып итерді. Жақтауларына соғылып барып қалтыраған әйнекке көз тастап, одан соң төбенің бөренелерін сүзе бастады. Содан соң оңтүстік-шығыстан ұйытқи соғып, түнді жара ұлыған айбарлы желдің дауысын тыңдап біраз отырды. Әлгі жел менің бөренеден жасалған шағын үйімді ашулы азуымен жалмай жұтардай үрлей түскен. Сосын ол бокалын көтеріп, алтын шараптың мөлдір сыры арқылы тас ошақтағы лапылдаған жалынға қарап, қарқылдап күліп жіберді.
Неткен сұлулық! Неткен ғажап! – деді ол. – Дәмі де сондай тәтті! Бұл шарап деген дүние әйелдер үшін жаратылған! Дегенмен діндарлар да мұны сүйіп ішеді емес пе!
Бұл біздің күнге қыздырылған қоңыр төбелеріміздің жемісі, - дедім мен калифорниялықтарға тән кешірімді мақтанышпен. – Кеше ғана осы маңдағы жүзімдіктер арасымен өтіп едіңіз ғой.
Каркинесті әңгімеге тарту үшін сәл ғана түрткілеу жеткілікті еді. Шыны керек, ол нағыз өз болмысына тек ұшқындаған шарап қанын қыздырып, бойын оттай шарпып өткен сәттерде ғана оралатын. Әрине, өйткені ол – өнер адамы. Оның тұтас болмысынан суретшілігі байқалып тұрады. Бірақ шарап ішпесе, миы баяу қимылдап, үнсіздікке бүрінетін. Сау кезінде кейде ағылшындардың жадау жексенбісін есімізге саларлықтай деңгейде зеріктіретін. Әрине, кәдімгі іш пыстыратын адамдардай емес, тек шын мәніндегі Монте Каркинес болып, тапқырлық отын шашырата жарқылдап тұрған сәттерімен салыстырғанда ғана солай көрінетін.
Бірақ сол арқылы менің ең жақын досым, сенімді серігім Каркинес ащы ішімдіктің соңына түскен екен деген ой тумасын. Мүлдем олай емес! Әдетте ол еш нәрсені шегінен асырмайды. Каркинестің суретші екенін жоғарыда атап өттім ғой. Ол барлық нәрсенің өлшемін, мөлшерін жақсы білетін, ал оның санасындағы жалғыз өлшем – тепе-теңдік болатын. Сіз бен біздің сап-сау кезімізде бойымызды билейтін жан тыныштығы мен рух теңдігін ол да ұстанатын.
Каркинестің бойындағы даналық пен туабітті ұстамдылық оны гректерге жақындата түсетін, бірақ қалған жағынан ол оларға мүлде ұқсамайтын. Есімде, ол маған: «Мен – ацтекпін, мен – инкамын, мен – испандықпын», – деп жиі айтатын. Шынында да, оның қараторы жүзіндегі асимметриялы, қиғаш, өткір кескіндерден ежелгі халықтарға тән бір белгі сезілетін. Көзі қиғаш қасының астында оттай жарқылдап тұратын, ал маңдайынан түсіп тұрған қап-қара шаштың бір талы оның жүзіне тылсым рең беріп, қалың орманның шетінен сығалап тұрған шарап құдайы сатирге ұқсататын.
Каркинес әрдайым барқыт күртешесі мен жұмсақ матадан тігілген жейдесін киіп, қызыл галстук тағып жүретін. Сол қызыл галстук – оның Парижде социалистермен біте қайнасқан өмірін әрі барлық адамзаттың қанмен таралатын бауырластығын білдіретін қызыл туының бейнесі еді. Басына ол әрқашан тері баулы сомбреро стиліндегі қалпағын киетін. Каркинесті басқа киіммен ешқашан көрген емеспіз. Тіпті кейбір өсекке құмар жандар оны дәл сол сомбреромен бірге туған деп келеке қылатын. Ал маған келсек, мен үшін ең үлкен жан рақаты – сол мексикалық сомбрероның Лондондағы Пиккадиллиде фаэтон шақырып тұрғанын немесе Нью-Йорктің үстімен өтетін темір жол пойызына лап қойған қалың топтың ішінде адамдардың оны ары-бері соққылап, жұлқылап басынан шешіп әкететін сәттерін көру еді.
Бұған дейін де айтқанымдай, Каркинес шарап ішсе, шараптың әсерімен қайта тірілгендей болушы еді. Сол сәтін ол өзі «құдды тура сол балшыққа Жаратқан дем беріп, жан бітірген сәттегідей», – деп суреттейтін. Не деген суреттеу десеңші! Құдайға ол кейде тіпті орынсыз «еркіндікпен» қарайтын, бірақ, шын мәнінде, ол ісін киелі жаратқанға қол сұғу деп те кінәлауға болмайды. Каркинестің мінезі ашық, ақжарқын болғанымен, болмысы түгелдей қайшылықтан тұратын жан еді, сол үшін де алыстан ғана танитындарға оны түсіну қиын болатын. Бірде тағыдай асау, бірде қыздай нәзік, ал бірде испандықтар секілді сыпайы, сәнді мінез көрсететін адамды қалай бірден түсінесің ?! Бірақ ол өзі де ацтекпін, инкамын, испанмын деп айтпаушы ма еді?!
Бұл жерде оған көп тоқталғаным үшін енді мен одан кешірім сұрауым керек те шығар, бәлкім. (Ол – менің досым, мен оны жақсы көремін). Сонымен, сол сәтте менің кішкентай үйім желдің соққысынан қалтырап тұрған болатын, ал Каркинес болса, орындықты пешке жақындатып, қолындағы бокалын лапылдаған жалынға қарата көтеріп, күле түсті. Ол маған бұрылып қараған сәтте мен оның онсыз да шоқтай жанып тұратын көздеріндегі күлкі мен шаттықты көрдім. Содан соң ақыры досымның қалыбына келіп, көңілінің толығымен ашылғанын түсіндім.
– Сонымен, сендер енді құдайларды жеңіп кеттік деп ойлап жүрсіңдер ме? – деген сауал тастады ол.
– Құдайлардың не қатысы бар?
– Адамды мәңгі тойымсыздық сезіміне душар ететін солар болмаса, кім сонда?
– Білмеймін. Мен ондай сезімнен өз еркіммен қашуға тырысамын! – дедім мен оны сөзбен жеңіп кеткендей бір пафос толы үнмен.
– Жоқ, дәл осы тығырықтан да құдайларсыз шығу мүмкін емес, – деп күліп жіберді ол. – Ойынды құдайлардың өзі жүргізеді. Қарттарды сапырып, таратып беретін де – солар… сосын, қарасаң, барлық ұтыстан түскен пайданы да өздері сыпырып алады. Удың уыты жайылған ессіз қалалардан қашып құтылғаныңыз сізді құтқарады деп ойламаңыз. Мына жүзімге көмкерілген төбелер, мына күннің батқаны мен атқаны, қарапайым тағам, идиллияға толы жайлы тіршілік сізге не береді? Ештеңе! Мен сізді алғаш келген күніңізден-ақ бақылап жүрмін. Сіз құдайларды жеңген жоқсыз. Сіз, керісінше, берілдіңіз. Дұшпанның рақымына бас идіңіз. Енді күресе алмайтыныңызды мойындап, ақ жалауды көтердіңіз. Қуатыңыздың сарқылғанын ашықтан-ашық жариялап, қабырғаға үкіміңізді ілдіңіз. Сіз өмірден қаштыңыз. Бұл – барып тұрған айла! Әрі әлсіз, әрі мүсәпір бір қулық! Ойынды жалғастырудан бас тартып, қолыңыздағы қарттарды үстелдің астына лақтырдыңыз да, мына төбелердің бауырына қашып кеп, пана таптыңыз.
Ол самайынан төмен түскен, қара шашын қайырып, жарқыраған көзін қайта ашты да, мексикалық ұзын темекісін орап алу үшін аз уақытқа үнсіз қалды.
– Жоқ, құдайларды алдауға болмайды. Сендердің айлаларың әлемнің өзі сияқты тым ескі. Ол ұрпақтан ұрпаққа өтіп, жалғасып келгенімен, ешкімді әлі құтқарған емес. Құдайлар сендермен және сендерге ұқсас жандармен қалай қалай жұмыс жасау керектігін жақсы біледі. Бір нәрсенің соңына түсу – иемденуге апарады, ал иемдену – тойымсыздыққа жеткізеді. Ал енді, міне, сіз, дана адам ретінде, барлық талпыныстарыңызға шек қойғандай шешім қабылдадыңыз. Барлығынан бас тартуды таңдадыңыз. Жақсы, керемет! Бірақ бұл бас тарту бірте-бірте сізге ауырлық сыйлап, жүк бола бастайды. Сіз өзіңізді тойымсыздық дертінен сақтап қалдым деп ойлайсыз ғой. Жоқ! Шын мәнінде, сіз оны тек қана қарттық әлсіздікпен алмастырдыңыз. Ал қарттық әлсіздік – тойымсыздықтың синонимі. Бұл – тойымсыздықты жасыратын маска ғана. Міне, дәл солай!
– Маған қараңызшы! – деп айқайладым мен.
Каркинес ешкімге ұқсамайтын. Көзімен сүзгенде адамның ішкі жан дүниесіне терең бойлап, оны жұлып, жеп қоя жаздайтын. Ол қазір де дәл сондай көзбен мені бастан-аяқ бір шолып шықты.
– Қарттық әлсіздіктің белгілерін менен қашан көрдіңіз? – деп қарсы шықтым мен.
– Ол әлсіздік жүдеу түрінде, үнсіз келіп жасырынады, – деді ол. – Сіз тым қатты пісіп-жетіліп, жүрегіңізден шіри бастағансыз...
Мен күліп жібердім де, мықтымсынған Каркинесті іштей кешірдім. Айтпақшы, оған менің кешірімім мүлде қажет те емес еді.
– Мені білмейді деп ойлайсыз ба! – деп жалғастырды Каркинес сөзін. – Құдайлар әрдайым жеңеді. Мен жылдар бойы ойынды, яғни олардың пайымынша дұрыс, әділ ойнаған адамдардың ойынын бақылап көрдім. Бірақ соңында бәрін де жоғалтады олар...
– Ал сіздің қателескен болып шығуыңыз мүлдем мүмкін емес пе сонда? – деп сұрадым мен.
Жауап бермес бұрын ол сәл ойға батып, темекісінің түтінін көбіктетіп жіберді.
– Иә, бірде мен де алданып қала жаздадым. Мынаны тыңдаңыз. Марвин Фиск деген адам бар еді. Естеріңізде ме? Дантелік болмыс, поэтикалық рух, тәнге арналған мадақ әндері, осының бәрін ұстанатын нағыз махаббат иесі болатын өзі. Ал Этель Бейрд деген қыз бар еді, оны да естіген болуыңыз керек.
– Көзінен нұр төгілген қасиетті періште емес пе?
– Толығымен дұрыс айтып отырсыз! Тәтті махаббаттың өзі болатын. Махаббат үшін жаратылған әйел... бірақ сонымен бірге… қалай айтсақ екен... осы жердегі таза ауаның гүлдің хош иісіндей өз қасиетімен ақыл-есіңді ұрлайтыны секілді сол қыз да кез келген адамды мас қыла алатын еді. Солай... олар бір күні үйленді. Үйлену арқылы құдайлар ұйымдастырып отырған сол бір ойынға араласып кетті…
– Бірақ олар жеңді ғой, таңғажайып түрде жеңді ғой! – деп мен оның сөзін бөліп жібердім.
Каркинес маған мұңды көзбен бір қарап өтті, содан соң қайта сөйлей бастағанда, оның сөздері құдды қабір қоңырауы сияқты әсер етті.
– Олар жеңіліп қалды, даңқсыз, құр алақан жеңіліп, бұл өмірден аттанып кетті...
– Бірақ қоғам бұл туралы басқаша пікірде, – деп мен салқын жауап қаттым.
– Қоғам тек болжамға сүйенеді. Қоғамға тек судың бетіндегі нәрсе көрінеді. Ал мен.. мен білемін… Сіз «Неге Этель Бейрд соңында шашып қырып тастап, діндар қызға айналып, өзін тірідей қайғының ордасына жерледі»- деп мүлдем ойланып көрмедіңіз бе?
– Өйткені ол Марвин Фискті қатты жақсы көрді, ал ол қайтыс болған соң…
Каркинестің осыларды айтқан сәтте мазақ қыла отырып күлімсіреуі мені үнсіз қалдырды.
– Жауап кәдімгі машиналық мөрмен таңбаланғандай қалыпты ғана болмақ, – деді ол. – Қоғамның үкімі! Қоғам не біледі дейсіз? Этель Бейрд тура сіз секілді өмірден қашты. Ол жеңіліске ұшырап, ақ жалауды көкке көтерді. Ал осы күнге дейін жау қоршауында қалған бір де бір қала ақ жалауды көтерген сәтінде дәл сондай ащы қайғы мен көз жасы көкірегін толтырып тұрған жоқ тұғын.
Бұл әңгімені көзбен көрген адамнан, яғни менен естігеніңіз дұрыс. Мен не айтып отырғанымды жақсы білемін. Марвин Фиск пен Этель Бейрд тойынған жүректің қаупі туралы көп ойланатын. Олар Махаббаттың өзін сүйді. Олар оның бағасын өзгелерден де жақсы білді. Махаббатты қадірлегендері, бағалағандары сонша оның мәңгілік болғанын қалады. Дәл сол махаббат өздерінің жүрегін мәңгі ыстық леппен жылытып тұрсын деді.
Олар махаббаттың өз жүректеріне ұялағанына қаншалықты шаттанса, оны жоғалтып алудан соншалықты қорқатын.
Махаббат – бұл құмарлық, қанағат тапқысы келіп адам жанын қинайтын тәтті азап, ал сол қанағатқа жеткен сәтте махаббаттың өзі де өшіп тынады. Мұны айтқан солардың өзі. Ешқашан қанағат таппай, шөлі қанбай өткен Махаббат мәңгілік өмір сүреді, шөлін басып, құмарлыққа қанған Махаббат өледі. Менің не айтқалы отырғанымды түсіндіңіз бе? Олар адам табиғатының құмары қанғанша тойған нәрседен жеритінін білетін. Бір мезетте әрі тойып, әрі аш боп жүру – адам баласының қолынан ешқашан келмеген. Үнемі тоя беру қаупі бар! Иә! Мәселенің мәнісі – дәл осы еді. Дастарқан толы дәмнің жанында отырса да, сол сәтте аштықты ең шегіне жеткізіп ұстап тұру – міне, олардың алдына қойған міндеті осы болатын, өйткені олар Махаббатты сүйді. Олар бұл ойларын қаншама рет баяндаған және олардың көзқарасынан Махаббаттың тәтті сағынышы үнемі төгіліп, алқызыл қаны жүздеріне рең беріп, үні өздерінің дауысынан естіліп, бірде көкірегінің тереңінде діріл қақса, бірде сөздеріне қайталанбас нәзіктік беріп тұратын.
Сіз: «Мұның бәрін қайдан білесіз?» – деп сұрайтын шығарсыз. Мен көрдім, талай нәрсені өз көзіммен көрдім, ал қалғанын Этель Бейрдтің күнделігінен оқығанмын. Сол жерден Фиона Маклаудтан алынған мынадай дәйексөзді кездестірдім:
«Шын айтамын, бұл үзік-үзік үн, ымырттағы сыбыр, тәтті, балғын тыныс, бақыттың кемпірқосақтай енді шыққан кезі немесе құштарлықтың кенеттен жарқ еткен сәтінде ғана көрінетін қанаты оттан жаратылған Кифаред, біз Эрос деп атайтын сол тылсым махаббат құдайы тек таңдаулы адамдардың, көреген жандардың ғана есігін қағады. Ол ыңылдап ән айтып немесе скрипканың үніндей мөлдіреп келмейді, керісінше үнсіз, жасырын келеді, ал осы үнсіздігі сөзден де айқын құмарлықты паш етеді».
Үнсіздігі құмарлықты сөзден де құдыретті қылып паш ететін осы бір қанаты жалыннан жаратылған Кифаредті қалай ұстап тұруға болады? Құмарлықтың қалауын орындап, оны тойдыру – одан айрылу деген сөз. Құмарлық қанған сәтте махаббат та аяқталады... Марвин Фиск пен Этель Бейрд бір-бірін шексіз махаббатпен сүйді. Олардың байлығы мол еді, бірақ сол байлыққа қарамастан, олар сезімдерінің ешқашан сарқылмауын, мәңгілік өсіп-өнуін қалады.
Оларды Махаббат табалдырығында тұрып алып бос қиялға берілетін тәжірибесіз балапан деп атар ма едіңіз? Жоқ! Олар өмір көрген, ақыл-парасаты қалыптасқан адамдар еді. Екеуі бұған дейін де сүйген. Бірақ бұған дейінгі махаббаттарын құштарлықпен тұншықтырып, шектен тыс еркелетіп алып, ынтызар сүйістің кесірінен бауыздап, ақыры тояттың молдығынан өлтіріп тастаған болатын.
Этель мен Марвин де ет пен сүйектен жаралған адамдар еді, олар рух түрінде ғана қалықтап жүретін елес емес қой. Олардың тамырында ағылшындарға тән салқын сабырмен сұйылмаған, күн батар шақтағы қызыл шапақ секілді нағыз тірі, ыстық, алқызыл қан ағып жатты. Мінез-құлқы жағынан олар француздарға көбірек ұқсайтын. Олардың идеализмінде тән рақатына жақын, француздық өмірсүйгіш рух басым еді Бұл идеализмді ағылшындарға тән мұздай, бұлыңғыр салқынқандылық суытқан жоқ. Аскетизм оларға мүлде жат болатын. Екеуі де негізі америкалық болатын, бірақ соған қарамастан олардың бойынан ағылшынға тән өзін тежей білу қабілеті де, сыртқа салқын көріну де байқалмайтын.
Мен айтып отырған махаббат қуанышы үшін жаралған адамдар өз шындықтары арқылы бір идеяны ойлап тапты. Тфуу, мына идеялардың бәрін қарғыс атсын! Марвин Фиск пен Этель Бейрд логикамен «ойнамақ» болды, ал олардың өз логикасы былайша өрбіді… Бірақ мұны айтпас бұрын сізге бір кеште айтылған әңгімемізді баяндап беруім керек. Әңгіме «Мадемуазель де Мопэн» туралы еді. Теофиль Готьенің шығармасындағы сол кейіпкер есіңізде ме? Ол өмірінде ер адамды тек бір-ақ рет сүйген...бір-ақ рет... және содан кейін ешқашан сүймеймін деп ант ішті, өйткені көп сүйісетін болса, махаббаттың тәттілігі жоғалып кетеді деп қорықты. Міне, тағы да сол шамадан тыс тойыну мәселесіне келіп тірелеміз. Мадемуазель де Мопэннің де құдайларға қарсы ойын ойнауға батылы жетті, бірақ өзі ештеңені тәуекелге тіккен жоқ. Ал ештеңені тәуекелге тікпеу – құдайлардың өздері бекіткен «жазылмаған» ережелеріне қарсы келеді. Ал бұл ережелерді дәл ұғыну үшін адамдар ойынды соңына дейін жалғастыра беруі керек.
Енді жаңағы «логика ойынына» қайта оралайық. Марвин Фиск пен Этель Бейрд былай ойлаған:
«Мадемуазель де Мопэн бір ғана сүйіспен шектелді. Егер ол ақылды болса, біз одан да ақылды болайық, сол бір ғана сүйістің өзінен де бас тартайық… Сонда Махаббат өлмейді. Ол үнемі бізді бір-бірімізге құмар қылып тұрады, үнемі жүрегімізді атқақтататын болады, ешқашан құмарын қандырып, суып кетпейді».
Бұл құдайсыз ой оларға қайдан келді? Әлде мұның бәріне тұқым қуалаушылық, генетика кінәлі ме? Өйткені тектілік кейде ең ғажап, ең күтпеген тұстан белгі беріп қояды. Бәлкім, бұл жолы қарғыс атқыр Альбион салқынқанды, есеппен әрекет ететін айлакер азғырушының кейпіне енген шығар? Енді мұның анық-қанығын мен қайдан білейін? Бірақ бұл жерде айқын көрінетін бір нәрсе ғана бар. Олар шексіз қуанышқа ұмтыламыз деп жүріп, сол қуаныштың өзінен бас тартқан болып отыр.
Кейін мен Марвин Фисктің Этельге жазған хаттарын оқыдым. Міне, бұл туралы ол өзі былай дейді:
«Сені құшағыма қысып тұрған сәтте қаншалық жақын болсаң, соншалық қол жетпес алыс болып тұрасың маған… Саған шексіз ынтық болу, бірақ сені ешқашан толық иеленбеу, сол арқылы саған мәңгіге қол жеткізу...».
Ал Этель оған былай жауап берген:
«Менің қолым әрдайым сүйіктіме созылсын, бірақ ешқашан оған тимесінші! Әр сағатымды, әр минутымды сені аңсаумен өткізіп, саған ұмтылайын, бірақ саған жете алмауға разымын, сонда ғана біздің сезіміміздің жаңалығы мен балғындығы, жүрегіміздің алғашқы қуанышты дүрсілі мәңгі біздің жанымызда сақталады!»
Мен мұның бәрін жадымда сақталған күйінде баяндап отырмын, сондықтан олардың махаббат туралы философиясын еріксіз бұрмалап алуым да мүмкін. Бірақ мен екі ғашықтың жан тереңіне үңілетіндей кіммін сонша? Мен бұл жерде – тұңғиығы мен тереңдігі көрінбейтін қара түнектің шетінде отырған бақа тәрізді ғана бір тіршілікпін. Шарасыз ғана бадырайған көзіммен екі лапылдаған жүректің ғажайыбы мен құпиясына таңдана қарап отырған бейбақпын.
Олардың бұл түсінігінің шындыққа да жақын тұсы бар, әрине. Әрбір әсем дүние – сен оны иеленбей тұрғанша ғана әсем. Бір нәрсеге қанығу мен бір нәрсені иелену – өлімнің қос жылқысы іспеттес. Бұл екеуі үнемі бір арбаға жегілген қос аттай қатар жүреді.
«Уақыт бізге үйретеді бәрін...
Лапылдаған жалын бір күні сөнеді,
Оның орнына кешкі дағдылы сәуленің солғын шапағы қалқып».
Олар мұның бәрін Альфред Остиннен оқыған. «Махаббат даналығы» деген өсиет. Бәрі сол мадемуазель де Мопэннің жалғыз-ақ сүйісінен басталатын ой. Ал әрі қарай не делінеді өлеңде?
«Біз сүйеміз де, біртіндеп соламыз,
Шыңнан етекке құлдилағанша, өлген артық...».
Бірақ Марвин Фиск пен Этель Бейрд өздерін одан да данышпан санайтын. Олар сүйісу оларды айырылысуға алып барады деп ойлады. Сондықтан бір де бір рет сүйіспесек, әрдайым Махаббаттың асқар шыңында тұрамыз деп қабылдаған. Сөйтіп, ақ некемен қосылды екеуі. Ол кезде сіз Англияда тұратынсыз. Дәл мұндай жұп бұрын да болмаған, кейін де болмайды. Олар сырларын ешкімге ашпады. Мен де сол уақытта ештеңе білмегенмін. Олардың сезімі суымақ түгілі, керісінше барған сайын лапылдап, күшейе түсті. Мен мұндай қос ғашықты өмірімде алғаш көрдім. Уақыт өтті, айлар өтті, жылдар да сырғып кетті, ал от қанатты махаббат құдайы Эрос бұрынғысынан да нұрлы, бұрынғысынан да жарқын бола түсті.
Адамдар Марвин Фиск пен Этель Бейрдке таңырқай қарайтын. Оларды ғажайып жұп деп атап, үнемі қызғанышпен қарайтын. Әрине, кейбір әйелдер бала сүймегені үшін Этельді аяйтын. Бірақ қызғаныш кейде аяушылық кейпінде де беріледі…
Ал мен болсам, олардың құпиясын сезбесем де, ойланып, таңырқап жүрдім. Әуелі бейсаналы түрде «қашан махаббаттары бәсеңдер екен?» деп күттім. Бірақ уақыт өте келе бір нәрсеге көзім жетті: уақыт өтеді, ал Махаббат мәңгі қалады. Ақыры мені оларға деген қызығушылық баурай бастады. Бұның сыры неде? Олар Махаббатты қандай сиқырлы шынжырмен өздеріне байлап қойды? Неліктен бұл ерке эльф олардан қашып кетпейді? Әлде олар көне заманның тереңдікке ие ғашықтары Тристан мен Изольда секілді бір тостағаннан мәңгілік махаббат сусынын ішіп жүр ме екен? Бірақ оларға бұл керемет сусынды кім даярлап берді екен?..
Сөйтіп, мен қызығушылықпен оларды бақылап жүрдім. Махаббат оларды есіртетіндей уақыт әлдеқашан болған. Бірақ олардың әр күні шексіз махаббат мерекесі іспеттес еді. Олар сезімдерінің нәзіктігі мен поэтикасына беріліп, әр күнді салтанатты, сәнді түрде өткізіп, рахаттанатын. Оларды жүйкесі жұқарған, көңіл-күйі тұрақсыз немесе кикілжің шығаруға бейім деп ешкім айыптамаушы еді. Жоқ! Олар – ақыл-парасаты басым, табиғатынан суретшілікке бейім, көркем ойлы адамдар болатын. Олар өмірде қолжетпес нәрсеге қол жеткізді: олардың бір-біріне деген құштарлығы өмір бойы сөнген жоқ.
Ал мен ше? Мен жылдар бойы олармен жиі кездесіп жүрдім, ал көз алдымда олардың махаббатының мәңгілік «ғажайыбы» тұратын. Дәл сол дүние мені үнемі таң қалдырып, мазасыз сұрақтар жаныма тыныштық бермеді. Сонсоң таңғажайып күндердің бірінде…
Каркинес кенет әңгімесін тоқтатып, маған сұрақ қойды:
– «Сәл аялдашы, Махаббат...» дегенді оқыдыңыз ба?
Мен басымды шайқап, жоқ дегенді білдірдім.
– Қателеспесем, бұл Пейдждің, яғни Кертис Хидден Пейдждің өлеңі. Міне, сол өлең менің құпияны ашатын кілтім болды. Бір күні олардың үйіндегі фортепианоның түбінде орналасқан терезенің алдында тұратын диванда… Аһ, Этель Бейрдтің фортепианода қалай ойнайтыны есіңізде ме? Кейде қағытпа қалжыңмен «Сіз осы үйге бізді көру үшін емес, музыка тыңдауға келесіз» деп мазақтап, менің музыкаға деген құштарлығымды әдеттен тыс құмарлық деп атайтын. Ал Марвиннің дауысы ше! Ол ән айтқанда, мен өлімсіздіктің барына сене бастайтынмын, құдайларға деген көзқарасым тіпті «қамқорлыққа» жақын бола түсетін, ал санамда оларды алдап соғудың түрлі жоспарлары туа бастайтын.
Бұл екі адам – өмірдің нағыз таңғажайып құбылысы болатын! Қаншама жыл өтсе де, олар махаббат әндерін дәл жаңа туған махаббаттың тазалығы мен пәктігіне тән сұлулықпен шырқайтын, ал сезімдерінің жалыны мен пісіп-жетілуі енді ғана сүюдің дәмін татқан жас ғашықтарға белгісіз құбылыс! Иә! Жас ғашықтар олардың қасында әлсіз болып көрінер еді. Олардың әр көзқарасында, әр сөзінде, әр қимылында, тіпті үнсіздігінде махаббаттың оты лапылдап жанатын. Махаббатқа бағынған сәттерінде олар шам жарығын айнала ұшқан көбелек секілді немесе ессіз дауылдай бір орбитада билеп жүретіндей көрінетін. Маған сол сәтте олардың денелері белгісіз, бізге беймәлім бір заңға, жердің тартылысынан да күшті заңға бағынғандай, көз алдымда бірігіп, еріп бара жатқандай болып көрінеді. Сондықтан бұл махаббатты көрген адамдардың таңданбауы, оны бұрын-соңды болмаған махаббат деп атамауы мүмкін емес еді!
Апыр-ай, мен тақырыптан ауытқып кеттім. Мені құпияның шешімін табуға жетелеген нәрсеге қайта оралайық. Сол бір тамаша күндердің бірінде мен олардың диванында отырып пианиноның жанынан өлеңдер жинағын таптым. Көп ойланып жатпай-ақ, бір бетін ашып қалып едім «Сәл аялдашы, Махаббат...» атты өлең алдымнан шыға келді. Парақтардың ескіргеніне қарап, маған дейін де бірнеше мәрте оқылғанын аңғардым. Шеттері жыртылып кеткен екен. Міне, менің оқығаным мынау:
Қандай тәтті...
Қаншалық жақын болсақ, соншалық алшақ тұру.
Бір-бірімізді тереңірек танып,
Алғашқы құшақтың бүкіл тәттілігін сақтау…
Махаббат па?..
Махаббатқа өзінің қасиетті құпия тұманында қалуға рұқсат ет,
Келер жылдардың сырларын күтсін.
Жылдармен, уақытпен, қашықтықпен бірге
Махаббат үнемі қуаттанып өссін!
Құлпырған дүниенің өлімі де бір табан жақындамақ...
Сондықтан махаббатты
Еріндердің тоғысар сәтін қиялдау арқылы қоректендіру керек...
Сондықтан құмарлықтың сол сәтін үнемі.
Тағы да, тағы, тағы да кейінге шегеру керек…
Мен кітапты жауып, сол бетті саусақпен белгілеп қойып, ұзақ уақыт қозғала алмай үнсіз отырып қалдым. Көз алдымда ашылған сырдың айқындығына таңғалдым. Бұл жағдай санамда тас қараңғы ұйқыдан ояну секілді шынайы, тас қараңғыда жарқ еткен найзағайдай қуатты әсер қалдырды. Олар мінез-құлқы құбылмалы, жаңа өмірдің бастамасының хабаршысы болатын сол бір қуатты, сиқырлы Махаббатты мәжбүрлеп жандарында мәңгіге ұстап қалғысы келді. Махаббат - жаңа өмір секілді болатын... Өз туу сәтін сабырсыздықпен күтетін жаңа өмір еді!
Мен ойша мына жолдарды тағы қайталап отырып: «...Сондықтан махаббатты...Еріндердің тоғысар сәтін қиялдау арқылы қоректендіру керек...» —қатты күліп жібердім. Олардың сондай пәк жан-дүниесі көз алдыма күннің жарығындай болып елестеді. Қандай тазалық! Қандай балалық! Олар ештеңені түсінбеді! Олар отпен ойнап, төсектеріне жалаң қылышты тастап жіберді. Олар Құдайларды мазақ қылды. Олар ғаламдық қан ағысын тоқтатпақ болды. Өздерінің жаңа жүйесін ойлап тапты да, өмір ойынының үстеліне отырып, сол жаңа жүйе оларға ұтыс әкеледі деп үміттенді. – Абайлаңыздар! – деп айқайладым мен. – Құдайлар тек жасырынып отырады! Әр жаңа жүйеге қарсы олар жаңа ойын ережесін ойлап табады. Сіздер оларды ешқашан жеңе алмайсыздар!
Бірақ мұның бәрін оларға тікелей айтқан жоқпын, іштей ғана ойладым. Бұдан кейін не болар екен деп күттім. Күндердің бір күнінде олар құрған жүйенің жалғандығы ашылатын болар! Олар бәрінен бас тартып, өздеріне тиесілі бақытты ғана қабылдайды да, құдайлардан басқа ештеңені тартып алмаққа талпынбайтын шығар деп ойладым.
Мен оларды бақылап отырдым. Үнсіз бақыладым. Айлар өтті, жылдар өтті, ал олардың құштарлығы күннен-күнге ұштала түсті. Бір де бір рет олар осы құштарлықты тән құмарлығы арқылы бәсеңдеткен емес. Керісінше, құмарлықты аштықта ұстау арқылы үнемі жалындатып отырды. Ақыры мен де күдіктене бастадым. – Құдайлар ше?.. Құдайлар ұйықтап жатыр ма, әлде қайтыс болды ма? – деп ойладым мен, ішкі ойларым арқылы күлкіге қарық болып. – Мына ер адам мен әйел екеуі де ғажайып нәрсе жасап отыр. Олар құдайларды да алдап соқты. Бізді қорғайтын Табиғат-ананы да ұятқа қалдырды. Олар оның отымен ойнады, бірақ күйіп қалмады. Ештеңеден де қорықпайды екен өздері. Жақсылық пен жамандықты ажырата білу арқылы өздері құдайдай болып отыр және ешқашан жамандықтың дәмін татқан жоқ бұлар...
– Демек, адамдар осылайша құдайға айнала ма? – деп өзіме-өзім сұрақ қойдым. – Мен бақа сияқтымын, ал көзімді лай жаппағанда, осы ғажайыптың жарығы мені соқыр қылар еді, - деп сол сәтте өзімнің тапқырлығыма мақтанып, кеуде керіп, құдайлар жайлы өз ойымды батыл айтып көрдім.
Бірақ жаңа ғана ашылған даналығыма арқа сүйеу арқылы мен қателестім. Марвин Фиск пен Этель Бейрд құдайға айналмады. Олар жай ғана әлсіздік пен құмарлықтың бесігінде тербеліп, ыстық тыныстың құшағында дірілдеген жұмсақ балшық сияқты құдайларға жат әлсіздіктен ери түсетін еркек пен әйел болатын.
Әңгімесін тоқтатқан Каркинес екінші темекісін орап жатып, тағы да қарқылдап күліп жіберді. Оның күлкісі сыртта қатты соғып жатқан, бірақ бізге аздап қана естіліп тұрған желдің дыбысын басып озып, біртүрлі шайтандық нотамен құлағыма келіп қадалды.
– Мен бақа сияқтымын, – деп кешірім сұрағандай бір үнмен тағы қайталады Каркинес. – Олар мұның бәрін қалай түсінсін? Олар тек қана суретші болатын, биолог емес еді ғой! Олар балшықпен тек өз студиясында жұмыс істегені болмаса, өздері жасалған балшықтың бар екенін мүлде сезбеген. Бірақ дәл осы ғашықтарға өзінің лайықты бағасын берген дұрыс: олар үлкен ойын ойнады. Бұған дейін ешкім олай ойнаған емес, әрі бұдан кейін де ешкім олай ойнай алады деп ойламаймын. Бұларға дейін махаббатқа осылай ессіз берілген ешкім болған емес. Сүйіс олардың махаббатын өлтірмеді. Сүйісуден бас тарту арқылы олар махаббатқа жаңа өмір сыйлады. Ал махаббат сол күйінде құмарлық арқылы оларды бөлшектеп, есінен адастырып, қинаған болатын. От қанатты Кифаред қанатын сілкіп жіберіп, олардың бетін жалынымен шарпып өткен сәтінде тіпті жүректері тоқтап қалатындай көрінген еді. Шынында да, олардың бойындағы бұл қасиет - махаббатқа берілген шектен тыс құмарлықтан тұратын. Сондықтан да ол мүлдем азая қойған жоқ, керісінше апта сайын, ай сайын күшейе берді.
Олар бір-біріне құмарланып, сол тәтті азаппен, сол ерекше ессіз құмарлықпен алысып, әлек болды. Бұл сезімді ешкім білмеген, ешкім ешқашан білмейді де.
Бірақ бір күні ұйқыдағы құдайлар бір сәтте оянып, басын көтерді де, өздерін мазақ қылған ер адам мен әйелге қарады. Ал сол екеуі бір таңда бәрін түсінді... Сол от қанатты Кифаредтің бір таңда өздерін тастап кеткенін түсінді. Ол түн ортасында жасырын ұшып, олардың жалғыздық толы мекенін тастап кеткен болатын...
Марвин Фиск пен Этель Бейрд сол сәтте бір-бірінің көзіне қараған кезде махаббат емес, салқынқандылықты көрді. Құмарлықтың өшкенін байқады. Түсіндіңіз бе? Көздеріндегі құмарлық өліп кеткен. Ал олар бір рет болсын сүйісіп те көрмеген еді. Махаббат оларды тәрк еткен. Енді олар ешқашан жанарлары жалындап, құмарлық қысып қиналмайды да. Діріл, қобалжу, тәтті азап, ұмтылыс, толқу, жүректің ыстық соғысы, әндер – барлығы жоғалды. Құмарлық өліп кетті. Ол түн ортасындағы суық, ешкімге қажет емес төсекте өліп қалды, ал олар оның біртіндеп жоғалғанын байқамаған. Алғаш рет осы жолы бір-бірінің көзінен оқыды.
Құдайлар – қатал тіршілік иелері, бірақ оларға мейірім де жат емес. Олар піл сүйегінің түсіндегі шарды айналдыра лақтырып, үстелдегі ұтыстың бәрін жинап алды. Ойын аяқталған сәтте тек бір-бірінің көзіне суық қарап тұрған еркек пен әйел ғана қалды. Содан кейін көп ұзамай Марвин Фиск қайтыс болды. Міне, бұл – мейірімнің бір көрінісі. Арада бір апта өтпей-ақ құдайлардың рақымының арқасында Марвин Фиск өмірден озды. Сол бір қайғылы оқиға есіңізде шығар, бәлкім… Және жылдар өткен соң мен оның күнделігінен сол кезде жазылған бір жазбаны оқып шықтым. Ішінде Митчелл Кеннерлидің өлеңінен алынған екі жол бар еді:
«Біздің бір-бірімізді сүйе алатын мыңдаған мүмкіндігіміз болған...
Сүюден бас тартқан
Мыңдаған мүмкіндік...».
– Құдайым-ай, тағдыр осылай да мазақ қылады екен ғой адамды! – деп айқайлап жібердім мен.
Ал Каркинес ошақтан шашыраған алау барқыт күртешесіне жалт берген қалпы нағыз Мефистофельге ұқсап кетті де, қара көзін маған қадап, былай деді:
– Ал сіз олар жеңді деп ойлайсыз ба? Бұл – жай ғана қоғамның үкімі! Сіз менің әңгімемді тыңдадыңыз, ал мен бәрін білемін. Олардың жеңісі жай ғана дәл сіздің осы жерде, сүйікті төбешіктеріңіздің ортасында отырып жеңдім деп ойлағаныңыз іспеттес...
– Ал өзіңіз ше! – деп қатты ұрысып жібердім мен. – Сезіміңіздің осы шектен тыс өрлеуі сізді қайда жеткізеді? Ессіз қалалар мен ессіз қыдырыстар сізге не береді? Осылай жүріп өзіңіздің өмірді жеңіп шығатыныңызға сенесіз бе? – дедім. Ол баяу ғана басын шайқап былай деді:
– Егер сіз өзіңіз таңдаған баяу, бейбіт өмір салтыңызбен жеңіліске ұшырайтын болсаңыз, бұл менің жеңетінімді білдірмейді. Біз ешқашан шын мәнінде Құдайды жеңбейміз. Жеңе алмаймыз. Кейде жеңгендей көрініп жатамыз. Бірақ бұл жай ғана құдайлар тарапынан бізге көрсетілетін кішкентай ғана мейірім болатын...
Түпнұсқадан тәржімалаған: Қарлығаш ҚАБАЙ