Жемаль Сүрея: «ФОЛЬКЛОР» ПОЭЗИЯНЫҢ ЖАУЫ»

(1931 – 1990)

  

  Ақыры қазіргі поэзия сөзге келіп арқа сүйеді. Франсуа Вийоннан бастап, Андре Бретон мен Анри Мишоға дейінгі аралыққа үңіліп көрсек, мұның қандай эволюция нәтижесінде пайда болғанын көреміз. Қазіргі ақындар тіпті сөзді барынша шайқап, орнын, мағынасын 180 градусқа теріс айналдырып қолдана алады. Олай болса, өлеңдерін әлі күнге дейін фольклор мен халық ауыз әдебиетіне негіздеп жазып келе жатқан ақындарымыз тоқырау жолында деп есептеймін. Өйткені фольклор поэзияның бүгінгі интеллектуалдық қасиетін алып жүруге қауқарсыз. Халықтық ескі фразеологизмдердің, идиомалардың атмосферасы поэзияның еркін қанат қағуына мұрша бермейтіндей деңгейде тым тар болып келеді.

  Халықтық идиоманың құрамындағы сөздер сол идиоманың мағыналық қатарымен шектеледі. Сол себепті идиоманың, фразеологизмдердің қатарындағы сөздерден сол идиомалардың, фразеологизмдердің мағынасынан басқа амал мен ой іздеуді тоқтату керек. Өйткені олар қатып қалған шеңбердің ішінде өмір сүріп, ғасырлар бойы сол қалыпта қолданылып келді. Олар - бір бағытта жүретін дүниелер. Әрекеті, күш-қуаты және белгілі бір мағына туындататын бояулары бесенеден белгілі болып келеді. Сонымен қатар, олардың қамтитын мағыналары ешбір жағдайда өзгермейді, сол қалпы қала береді. Ежелгі дәуірден бері бір қалыпта қолданылып келе жатқан осындай сөздерді қолдану арқылы жазылатын өлеңдер мен қарапайым ән мәтіндері немесе халық әндерінің шумақтарының арасында аса бір үлкен айырмашылық болады деп санамаймын. Өйткені екі жағдайда да ақын сөздің өзіне емес, сөз орамдарына көбірек мән берген болып отыр. Ал енді Жорж Брактың кескіндеме туралы айтқан ойларын поэзияға да қатыстырып қабылдаудың еш сөкеттігі жоқ деп санай отырып, мына нәрсені айтқым келеді: Поэзиядағы ең басты дүние - «әйтеуір» бір нәрсе «айту» емес, өлеңде қолданылатын әр сөздің арасында «поэтикалық жүктеме» орната білу; Брактың сөзімен айтқанда, анекдоттық емес, поэтикалық жүктеме... Осы дүниені басты назарда ұстайтын болсақ, фольклор – поэзияға қауіп төндіреді деп тікелей қорытынды жасауға болады. Оның себебі мынада: Халықтық фразеологизмдердегі әбден орныққан, байланысқан сөздердің арасында жаңа мағына немесе жаңа қатынас орнату мүмкін емес. Өйткені бұл сөздер ешқашан ажырамастай болып бір-біріне көзсіз байлану арқылы бұл өмірде өздеріне тиесілі салмақты, функцияны баяғыда-ақ алып қойған. Орхан Уәли бастаған ақындар жаңашылдықтан бөлек тілдің көзге көрінетін барлық мүмкіндіктерін қолданып, қолданылу алаңын барынша кеңейтуге тырысты. Оқтай Рыфат пен Бедри Рахми Эйюбоғлы сияқты кейбір ақындар халықтық фразеологизмдер мен фольклорлық тақырыптарға бет бұрып, жаңа өзгеріске ұшырай алатындарын шекті шамаға дейін кеңейтіп көрді. Бірақ бұл олардың өздері үшін тиімді болды дей алмаймыз. Өйткені кейіннен бұл ақындар белгілі бір бұрыштарға барып тұйықталып қалуға мәжбүр болды. Оқтай Рыфат «өнер индустриясы» нарығына көптеген шіріген тауарларды шығаруға мәжбүр болды. Бедри Рахми болса, соны да жасай алмай бірнеше жуан, қызылды-жасылды сызықтарды қайта-қайта сызып барып, ақыры таусылды. Ал осы ақындар басқа салаға, басқа алаңға бет бұрып көргенде, поэзияға пайдасы мол, өнімдірек дүниелер жасай алар ма еді.

  Фольклордан аулақ болудың тағы бір маңызды себебі бар: Бұл – тұлға, кісілік мәселесі. Байқаған болсаңыздар, қазір поэзияда тұлға мәселесіне бұрынғыдан да көбірек мән беріп жатырмыз. Ал болашақта бұл мәселе тіптен де маңыздырақ бола түседі. Қанша жерден әдемі болса да, екі өлең жазды екен деп автордың ақын атала қоймауы, ақыны белгісіз өлеңдердің эстетикалық тұрғыдан басты негіз бола алмауы жайлы қалыптасқан ойлар менің пікірімді растайды. Кісілікке деген талғам бүгінде өлең әлемін жаулап алғаны сонша, бір өлеңді бір ақын жазса әдемі, ал дәл осы өлең басқа біреудің өлеңі болып шықса ұсқынсыз болып қабылданып жатады. Мысалы, Фазыл Хүснү Дағларжа – ірі тұлғалы ақын, ол «Қызылөзен жағасы» атты туындысын өз табиғатына, өз болмысына негіздей отырып жазған.

  Сол өлеңдегі көзқарас – оның өз көзқарасын, заттар мен өмір сүру туралы өз жеке түсінігін қамтиды. Сөзсіз «Қызылөзен жағасы» абстрактілі сұлулыққа ие болған өлең, бірақ соған қарамастан, авторы Фазыл Хүснү Дағларжа болғандықтан ғана иеленген сұлулығы тағы бар. (Негізі, мен тек авторы Фазыл Хүснү Дағларжа болғандықтан ғана абстрактілі сұлулықпен қабылданды деп санаймын, бәрібір!) Екеуі бірін-бірі толықтырады. Енді бұл өлеңді Фазыл Хүснү Дағларжа емес, басқа ақын жазғанда не болар еді? Меніңше өлең аса әдемі болмас еді, немесе мұншалықты әдемі деңгейде бағаланбас еді. Айтайын дегенім, бүгінгі поэзияда тұлғаның алатын орны бөлек болып отыр. Ал халық ауыз әдебиетінде анонимдік үлгілер көбірек кездеседі. Мұндай шығармалар тұлғалық иеленімге жарамайды. Қаражаоғлан, Эмрах сынды анау-мынау адамдарды ұлы ақын дейтіндердің құлағы шыңылдасын. Олар кісілік болмыстан тыс та ұлы ақын болуға болады деп сеніп жүргендер ғой. Фольклор мен фольклорлық фразеологизмдер жалғыз ақынға жүк бола алады, ал қаптаған ақындардың бәріне азық беруге күші де, қуаты да жетпейді. Біздің арамыздағы сол ақын бүгінде Оқтай Рыфат болды. Бірақ тіпті оның өзінің басына не келіп, не кетпеді дейсің... Осылай бола тұра, бес-алты мықты ақынның фольклорға бірден кіріп келе жатқанын елестетіп көріңізші. Осы бір тереңдігі жоқ, таяз өлкеде бізді ақыл-естен айыратындай дәрежеде өз тұлғаларын бір-біріне ұқсамайтындай қылып қалыптастыруға мүмкіндік таба алар ма екен бұлар? Мен олай ойламаймын. Макс Джейкобтың қыңырлығы мен Жюль Супервельдің нәзік өлеңдерін қатар қамтитын фольклорлық туындыны іздеп жүрмін қазір...

   Поэзияда да өнімнің азаю заңдылығы бар. Тіл жалғыз аспектіде, біржақты өңделетін болса, сол салада алынған өнім белгілі бір уақыттан кейін азая бастайды. Бұл бір депрессияға, әдеби тоқырауға әкеліп соғады. Ал дағдарыстан тек қана поэзияның жаңа салалары мен жаңа қырларын ашу арқылы арыла аламыз. Біздің поэзия әлемімізде қазір жаңа үрдіс басталды. Тілдің ішкі, терең мүмкіндіктерімен оңаша қалғанымызға міне бір-екі жыл болып қалды. Жас ақындар фольклор сияқты қатып қалған клишелерден ғана емес, тіпті жеңіл клишелерден, таптаурын дүниелердің бәрінен бас тартты. Бұл жағдайдың алғашқы жақсы жемісін Илхан Берк, Тұрғыт Уяр және Эдип Жансевердің өлеңдерінен көрдік. Қазір біздің отанымызда да сөздер ойылып, өрнектеліп жатыр. Біздің елде де сөздер әбден ескірген орнынан жартылай қопарылып түсіп, мағынасынан ауытқып, жаңа кеңістікте тыныс ала бастады. Осылайша, сөздер бір ұғымның әртүрлі бейнелері мен әсерлерін алу арқылы жаңа образға, жаңа тармақтарға қол жеткізуді армандайды. Біздің, яғни жас ақындардың қалауы да осы. Фольклор мен таптаурын тіркестерге, ойларға, стилдерге қарсы екінші полюсті қалыптастырған бұл жағдай поэзиямыздағы эволюцияға айналды. Кез-келген эволюция жайдан жай келмейді, қажеттіліктен туындайды. Сол себепті барлық эволюциялар секілді біздің де жасаған дүниеміз дұрыс әрі заңды болатын.

(1956 жыл)

 

Аударған: Қарлығаш Қабай

(2021 ж.)