Жазалау колониясында

   - Әмбебап құрылғы, - деді офицер зерттеушіге, таңданған көздерін өзіне бұрыннан таныс құрылғыға кілт бұрып. Зерттеуші тәртіпке бағынбай дөрекілік танытып, мәртебесіне лайық әдеп көрсетпегені үшін өлім жазасына кесілген сарбаздың кесімді күнін көруге командирдің арнайы шақыртуын ықыласпен қабыл алған болатын. Колониядағы жазаның бұл түріне аса бір қызығушылық болмағанға ұқсайды.Айнала төнген тақыр төбешіктердің қойнауындағы құмдауытта офицер мен зерттеушіден өзге сырт бейнесі есерсоқтау, ерен ұзын жақтары жалпая біткен, шашына бір рет те тарақ тимеген кісі көргісіз кейіптегі жазаланушы сарбаз және оның аяқ-қолы мен мойнын тас қып матаған зілдей шынжырынан жетектеген тағы бір сарбаз бар еді. Жазаланушының жүзінде иттің иесіне деген сеніміне ұқсас бір аңғалдық бар, тіпті шынжырын шешіп еркіне жіберіп, үкім басталарда бір ысқырсаңыз өзінен-өзі алақ-жұлақ жетіп келетіндей.

   Құрылғының қызыметінен әзірге еш хабары жоқ бақылаушы түкке түсінбейжазаланушының арт жағында әрнені бір шолумен немқұрайлы жүр, офицер болса арнайы қазылып жердің тереңдеу қабатына орнатылған құрылғының кәкір-шүкірін түгендеп, сатымен өрмелеп біресе астына, біресе үстіне үңілумен безек қағады.Расында бұл шаруалар кез-келгенбір механниктің де міндетінен табылар еді, алайда офицер ол жауапкершілікті ешкімге сеніп тапсыра алмады ма екен, белгісіз, әйтеуір бар ынта-шынтасымен күйіп-пісіп жүр.

   - Тексеріс тәмам! – деп саңқ етті бір уақта сатыдан түсер-түспестен. Ауызын кеңашып алқына тыныстап, ентігін ептеп басуға көшіп ханымдарға арналған екі бірдей қол орамалын мундирінің жағасына қыстырды.

   - Бұл формаңыз тропиктік аймақтар үшін тым қалың шығар? – деді бақылаушы офицер күткендей құрылғы жөнінде сұраудың орнына.

  - Әрине! – деді офицер майсіңді қолдарын сол жерде тұрған шелектегі суға жуып жатып. - Бұл біздің Отанымыздың белгісі, біз Отанымызды жоғалтқымыз келмейді. Сіз одан да құрылғыға бір сәт зер салыңызшы, - деді сосын қолдарын сүртіп жатып құрылғы жақты нұсқап, - бүгінге дейін ол кісі көмегімен ғана жұмыс істеп келсе, бұдан былай барлығын өздігінен істейтін болады.

  Зерттеуші басын изеген болып, офицер нұсқаған әр тұсқа мұқият қарады. Алда болуы мүмкін келеңсіздіктерден өзін алдын-ала ақтағысы келгендей офицер сөзін әрмен қарай жалғады:

   -Аңғарусыз қалған болмашы бір ақаулар анда-санда сыр беріп қалуы ықтимал, әрине, бірақ бүгін ондай сәтсіздік орын алмайды деп үміттенемін. Дегенмен мына нәрсені ескерейік. Құрылғы тоқтамастан он екі сағат бойы жұмыс істейді. Кішігірім маңызсыз мәселелер туындайды, алайда ол негізгі жұмыс барысына кедергі келтірмейтін болады.Отырмайсыз ба? – деп сол жердегі шиден өрілген орындықтардың бірін ұсынды. Зерттеуші орындықты алып қазулы шұңқырдың шетіне апарып жайғасты да отырған жеріне көз тастады. Шұңқыр онша терең емес... Бір шетінде топырақ үйіндісі, екінші жағында құрылғы тұр.

   - Командир сізге құрылғы жайында ақпарат берді ме, білмеймін – деді офицер. Бақылаушы аң-таң болып қолдарымен «жоқ» деп ишара қылды; офицердің де күткені осы сияқты, құрылғыға қатысты құпияларды егжей-тегжейлі баяндап, кеңінен бір көсілуге құштарланып-ақ отырған. – Бұл құрылғы, - деп бастады сосын бойын лезде жинап, отырған орнына ыңғайлана түсіп – біздің бұрынғы командиріміздің өнертабысы еді. Мен ол кісінің алғашқы тәжірибелерінен бастап жанында бірге болдым және соңғы сәттеріне дейінгі жұмыстарына белсене араластым. Құрылғы толықтай дерлік бұрынғы командиріміздің еңбегіне тиесілі. Сіздің ол кісі жөнінде естуіңіз бар ма? Мына тұрған жазалау колониясының ішкі-тысқы құрылымын ойластырып, жүйесін енгізген де сол кісі десем артық айтқаным емес. Командиріміздің ең сенімді жақтастары болған біздер, ол өлгеннен кейін де орынын басқан жаңа командирдің қаншалық жаңа жоспарлары болсын, баяғы ескі тәртіпті оңайлықпен өзгерте алмайтынына көзіміз жеткен. Болжамымыз расталды да... Жаңа командирдің де мұны мойындаудан басқа амалы қалған жоқ. Біздің бұрынғы командирді білмегеніңіз өкінішті-ақ!...Әйткенмен де, - сәл кідіріп барып–мен көп сөйлеп кеткен сияқтымын, айтқандай сол құрылғы міне, қарсы алдымызда тұр. Көріп отырғаныңыздай үш бөліктен тұрады. Қызыметіне қарай әрқайсының өзінше атауы бар. Астыңғы бөлігінде – кереует, жоғарыда – таңбалағыш, ал таңбалағыштың астына орнатылған үшкір темірлер – тырма.

    - Тырма ма? – деп қалды кенет зерттеуші бейжай тұрған күйінде бүйірінен біреу солқ еткізгендей. Манадан бергі түсіндірмелерге аса бір назар аударып, ықылас таныта қоймаған-ды. Құм қымтанған көлеңкесіз ай татырда алты айрығыңнан су ағып, шекеңнен күн шақырайып тұрса не тыңдап жарытарсың. Офицерге қарап таң қалды. Әр тұсындағы погондары жарқырап аксельбантына шейін әдіптелген, әдетте әскери шерулерде киетінқызыметтік формасының мынадай қапырық күнде тынысты тарылтар қолайсыздығы мен ауырлығын елемей құлшына сөйлеп, әрі арасында қолындағы кілтімен босаған бұрандаларды бекітіп жатқан офицер өзінің әсіре жанкештілігіне қайран қалдырды. Бақылаушыдағы сүлесоқтық сарбазда да бар сынды. Басы салбырап, жазаланушының қос қолынтаңған темір шынжырдың жетек ұшын бір білегіне орап, екінші қолымен мылтығына сүйенген күйі сұлық тұр. Бақылаушы оған бола таң қалған жоқ, себебі офицер барлығын французша түсіндіруде. Сарбаз да, жазаланушы да французша түсінбейтіні көрініп тұр. Бірақ жазаланушының әлденені қағып қалғысы келіп, офицердің әр қозғалысын жіті бағып тұрғаны расында таңданарлық еді. Ұйқы тығылып алған көздері офицер басын қайда бұрса сонда бұрылып, арасында бақылаушы оның сөзін бөліп сұрақ қойса, офицерден қалмай тиісінше ол да назарын бақылаушыға аударады.

    - Иә, тырма! – деді офицер, - бұл атау әлдеқайда жарасымды. Тырма сияқты өнімді жұмыс атқаруы үшін барлық тісшелер мақсатты түрде бір жерге біріктірілген, тіпті іске келгенде одан гөрі тындырымдырақ. Сәлден соң өзіңіз түсінесіз. Мына жерге жазаланушы жатқызылады. Алдымен сізге құрылғыны сипаттайын, сосын іс барысына көшемін. Сол кезде сіз үшін бақылауға да ыңғайлы болады. Таңбалағыштағы айналма доңғалақтардың біреуі тозуға таянып, жемірілуге жетті. Оның шиқылынан сөйлесу мүмкін емес. Өкініштісі, бұл маңнан қосымша бөлшектерге қол жеткізу қиынның қиыны... Айтқанымдай, мына жерге кереует орнатылған. Басынан аяғына дейін қалың қабатта мақта жүні төселген, оның да өз міндеті бар. Мақтаның үстіне жазаланушы етбетінен жатқызылады, әлбетте, тыр жалаңаш күйінде, ал мына белдіктерге келсек, жазаланушының аяқтарын, қолдарын, мойынын байлауға арналған. Кереуеттің жоғарғы бөлігінде басына киіз оралған шағын қазықша қағылған, яғни жазаланушының тура ауызына бағытталған. Осының әсерінен жазаланушының айқайлап, тілін шайнап тастауына мүмкіндігі қалмайды. Қаласа да қаламаса да жазаланушы қазық ұшындағы киізді ауызына тығуға мәжбүр, әйтпесе мойынын буған белдік омыртқа жұлынын үгітіп, сындырып жібереді.

   - Бұл сонда мақта ма? – деп кереуетке еңкейді бақылаушы.

   - Дәл өзі! –деді офицер күлімсіреп, - өзіңіз сезініп көріңіз – зерттеушінің алақанын кереует үстіне қойғызып, әрі-бері жүргізді. – Бұл мақтаның өңделу тәсілі басқаша болғандықтан ажырату қиын, оның да себебіне сәл кейін тоқталатын боламын.

    Бақылаушының біртіндеп қызығушылығы ояна бастағандай, қолымен көзін күннен қалқалап құрылғыға көз жіберіп ұзақ қарады. Көлемі орасан зор. Таңбалағыш пен кереуеттің де ен-ауданы тең пішілген және қою қара түске боялған қос жәшік сияқты көрінеді. Таңбалағыш кереуеттен екі метрдей биікте, аралары күн сәулесіне шағылысқан жез өзектермен төрт бұрышынан жалғасқан... Екі жәшіктің ортасында болат сымнан өрілген арқанда тырма ілінулі.

  Офицер бақылаушының манадан бергі енжарлығына мән бермеген, бірақ қазір сүйсіне қарап тұрғанын байқағасын, ендігіде асықтырғандай болмайын деп, қызығушылығын бұзып алғысы келмей түсіндіруді біразға дейін тоқтата тұруды жөн санады. Жазаланушы да бақылаушының әр қимыл-әрекетін айнытпай қайталауда, қолдарымен жүзін күннен қори алмағандықтан, қарыққан көздерін жыпылықтатып ол да жоғары қарады.

   -Сонымен, жазаланушы жатты делік, - бақылаушы орындығына гүрс етіп жайғасып, аяғын үсті-үстіне айқастыра қойды.

    - Иә – деді офицер іле-шала беретін сәл көтеріңкіреп, алақанын қызарған бетіне басып тұрып, - Ал енді мұқият тыңдаңыз! Кереуетке де таңбалағышқа да электр батареясы орнатылған, кереуетке өз қызыметі үшін, таңбалағышқа тырма үшін қажет. Жазаланушы байланған бойда кереуетте вибрациялық тербеліс басталады. Қозғалыс жылдамдығының үдемелігінен туған елеусіз дірілден кереует көлденеңінен де, тігінен де көз ілеспес қарқынмен бір орында тербеледі. Әрине, мұндай құрылғыларды бұған дейін де емдеу орталықтарынан көрген шығарсыз, бірақ біздің құрылғының қозғалыс жүйесі біркелкі өлшемде, тура, дәлме-дәл есептелген. Тербеліс жылдамдығы артқан сайын кереует пен тырманың өзара тепе-теңдігі бұзылмайды. Тегінде, сот үкімінің орындалуы осы тырманың қызметіне жүктелмек...

    - Үкім қалай орындалады? – деді бақылаушы.

   - Соны да білмейсіз бе? – офицер аң-таң болып еріндерін дүрдитті. – Түсіндіру қабілетімнің төмендігі үшін сізден өтініп кешірім сұраймын. Ренжи көрмеңіз. Дағдыға сәйкес барлық түсіндірме жұмыстарын әдетте командир атқаруы тиіс еді, жаңа командиріміз өзінің бұл мәртебелі міндетін орындаудан бас тартты. Сіздей құрметті қонақ келгенде де -бақылаушы мұндай мақтауларды тыңдауға құлықсыз екенін білдіріп қолын сермегенде офицер ойындағысын соңына дейін жеткізуге әлдеқашан бекінген екен –тіпті сіздей құрметті қонаққада сот үкіміне қатысты ешқандай ақпарат бермеу - колониямыздың жаңа тәртібі-мыс... Ырқынан тыс ытқып кеткен ызасын дер кезінде тежеп үлгерді, дереу өз-өзін ұстап әрі қарайғы сөздерін байыппен сабақтады: -Маған бұл жөнінде ешкім ештеңе ескерткен жоқ, оған мен кінәлі емеспін. Дегенмен, үкім барысы туралы мағұлмат беруге келгенде бұл жерде біліктілігі жағынан ең көрнекті маман менмін, себебі мұнда –қолымен мундирінің төс қалтасын сипап –бұрынғы командиріміздің өз қолымен сызған схемасы сақтаулы.

    - Командирдің өз қолымен сызғаны ма? – деп сұрады бақылаушы. – Осыншама бесаспап болар ма? Өзі жауынгер, өзі сот, өзі инженер, өзі химик,тіпті өзі сызбагер болса ?

    - Дәл солай, - деп басын изеді бір нүктеге қадалған офицер. Сосын бір сәт қолдарына үңілді. Сызбаны алуға кірсінгендей, тазалығына біртүрлі көңілі толмады.Шелектегі суға барып неше қайтара жуды. Жуып болысымен былғары әмиянын шығарып:

   - Үкім қатаң емес. Тырманың көмегімен жазаланушының жасаған қылмыс денесіне жазылады. Мысалы мынаған –жазаланушыны нұсқап – мұның денесіне «Басшыңды сыйла» деген сөз жазылады.

   Бақылаушы білдірмегенсіп кірпік астымен ақырын жазаланушыға қарады, офицер оны нұсқағанында ол басын төмен салып, бірдеңе түсініп қалуға тырысқандай құлағын түріп, жіті тұрғандай көрініп еді.  Алайда қалың еріндерінің мағынасыз жыбырына қарағанда онысынан ештеңе шықпаған сияқты. Бақылаушының қойғысы келген басқа да көп сұрақтары бар еді, бірақ жазаланушының түрін көргенде тек:

    - Үкімнен хабардар ма? – деп қана сұрады.

  - Жоқ, - деді офицер бақылаушыдан сұрағын індете түсуін қалағандай амалсыз бөгеліп, кішкене кідірістен кейін түсіндіруін жалғастыра бергенде бақылаушы тағы сөзін бөлді:

     -  Ол сонда өзіне кесілген үкімді білмей ме?

     - Оны айтудың керегі не?Үкімнің қандай болғанын өз денесімен сезінеді.

    Бақылаушы бұдан әрі ештеңе сұрамай үнсіз қалғысы келген, сол сәт жазаланушының өзіне қарағанын байқады. Айтылғандарды іс жүзінде қолдайтынын я қолдамайтынын білгісі келгендей, соншалық сұраулы жүзбен, тесіле қарап тұрғанын сезді. Оны көрген бақылаушы орындығына шалқая бере қайта еңкейіп:

     - Тым болмаса өзінің не үшін сотталғанын білетін шығар?

     - Жоқ, - деді офицер, тағы да қандай оғаш сұрақтарыңыз бар дегендей кекесінмен күлімдеп.

    - Ал керек болса! – бақылаушы қолын маңдайына бір-ақ апарды. –Олай болса өзінің  ақталу әрекетінің шешімін де білмегеніғой? Солай ма?

    - Ақталуға мүмкіндік берілмеді, - деді офицерөзімен өзі сөйлескендей басын басқа жаққа бұрып, әрі өзі үшін өте қарапайым бұл сауалдарды бүге-шүгесіне дейін баяндап, бақылаушы мырзаны бұдан артық ұялтқысы келмеді.

      - Қандай жағдайда да оның өзін қорғау құқығы сақталуы керек! –деп бақылаушы орынынан тұрып кетті.

     Офицер құрылғыны таныстырамын деп біраз уақыт ұттырғанын енді түсінді. Бақылаушының жанына барып ізетпен ақырын қолынан ұстап, екінші қолымен жазаланушыны нұсқады – жауынгер шынжырды тартыңқырай түсті – бойын тіктеді де бүкіл назарын сол жаққа аудартып,сөйлеуге кірісті:

   - Мәселе мынада. Мен бұл колонияның төрешісі болып тағайындалдым. Жас екеніме қарамастан. Әрі бұрынғы командирдің жүргізген барлық жұмыстарының тірі куәгерімін және мына құрылғының қыр-сырын бәрінен артық меңгергенмін. Үкім шығарар кезде мен әрдайым «Күмән – күнәнің көлеңкесі...» деген ережеге сүйенемін. Басқа мекемелер бұл ережені ұстана алмайды, өйткені олардың үстінен қарайтын органдар бар. Ал бізде олай емес, себебі ескі командирдің кезінде олай емес еді. Жаңасына келсек, менің әр шешімімнен ілік іздеп, ісіме кедергі келтірумен босқа арамтер болып жүр, бүгінге дейін олардың маған қарсы әрекеттерін тойтарумен келемін және әрмен қарай тойтара бермекпін. Қазіргі мәселенің неден ушыққанын түсіндіргенімді қаласаңыз, басқа мәселелерден бәлендей айырмашылығы жоқ.Таңда капитан келіп күзет кезекшілігіне алынған сарбаздыңқызымет уақытында есіктің ауызында ұйықтап қалғанын айтып шағымданды. Шағымы орынды. Себебі мұның міндеті капитан есігін тапжылмай күзетіп, cағат қоңырауы соғылғанда ізет бойынша сәлем беріп тұру ғана.Қиын жұмыс болмағынымен қырағылықты талап етеді, себебі қорғауындағы адамның қауіпсіздігіне келгенде сарбаздың тіпті рұқсатсыз кірпік қағуға хақысы жоқ. Кеше түнде капитан сарбаздың кезекшілігін қалай атқаратынын өз көзімен көріп, тексергісі келіпті. Сағат тура екіде есігін ашқаны сол екен, сабазымызүш бүктеліп ұйқыны сойып жатқан. Мұндай масқараға төзбеген капитан сала құлаш бишігін шығарып, жатқан жерінде бетінен осып-осып жіберген. Кезекші ұшып түрегеліп кешірім сұраудың орнына капитанның аяғына жармаса кетіп: «Дереу қамшыңды таста, әйтпесе қаныңа тұншықтырамын!» - деп бақырған. Жағдай осы. Бір сағат бұрын маған капитан келді, айтқан арыз шағымдарын қабылдап бірден тиісті үкімін шығардым. Сосын сарбазды шынжырмен таңып байлаттым. Барлығы осылай оп-оңай шешіле салды. Егер бірінші сарбазды жауапқа тартсам мәселе текке шиеленісіп кететін еді. Бір өтірігін жоққа шығарсам орынын он өтірікпен жамап, солай қырық құбылып әлі отырар едік. Ал қазір міне, қолымда отыр, ешқайда қашып құтыла алмайды. Енді түсінікті ме? Уақытымыз өтіп жатыр, жазалауды бастау керек еді, мен сізді әлі құрылғының негізгі механизмдерімен таныстырмадым.

          Бақылаушыдан орынынаотыруын өтініп, өзі құрылғының жанына барып сөйлеуін бастады.

   - Байқағаныңыздай тырманың көлемі тұтасымен адамның дене бітіміне сәйкестендіріліп жасалған, тырманың мына арасы дененің жоғарғы бөлігі үшін, ал бұл тұсы аяқтары үшін жұмыс жасайды. Мына тұрған кішкентай ине – басына арналған. Анықтап көрсете алдым ба?

   Офицер әр сөзін бипаздап болып, ілтипатпен бақылаушыға қарай сәл иілді.

  Бақылаушы қабағын түйіп тырмаға қарады. Сот үкімінің шешімі көңіліне онша қонбады. Бірақ қалай дегенмен бұл жер жазалау колониясы болғандықтан әдеттен тыс қатыгез шаралардың өтуі заңды екенін және әскери тәртіптің қашан да қатаң сақталуы керек екенін өз-өзіне қайталап ескертті. Екінші жағынан, жаңа командирдің ептеп болсын ескілік көлеңкесінде қалған мына офицердің миына кіріп шықпайтын жаңашылдық енгізгісі келетініндеескерді. Осының бәрін ойынан кешіріп барып сұрады:

  • Командир жазалауға қатыса ма?

   - Белгісіз, - деп жауап қайтарды офицер, тосыннан қойылған сұрақты тосырқап қалды, білем, жүзіндегі жадыраңқылық табы да жым-жылас жоқ болды.

  – Қазір біздің асығуымызға тура келіп тұр. Тіпті қазір түсіндірмелерімді де қысқа қайыруға мәжбүрмін. Бірақ ертең құрылғы тазаланғаннан кейін – құрылғыныңбар міні осы -былғаныштығы еді – міндетті түрде егжей-тегжейлі түсіндірме жасайтын боламын. Қазірше ең керектілеріне ғана көшейін. Жазаланушы жатқызылғасын, кереует вибрацияға қосылады датырмалар денеге қарай түсіріледі. Тырма ұштары денеге тиер-тимес таяулықты өздері есептейді, бұл процес кезінде тырманы көтеріп тұрған болат сымды арқан да құрықтай сыпталып, сырғауылдай түзеле қалады. Қызық енді басталады. Сырттан бақылағандар басқа да жазалау түрлерінен айырмашылығын ажырата алмас. Тырма тым бір сарында, бұлжымас қалыпта қозғалатын сияқты көрінеді. Ине ұштарыжазаланушының денесіне тигенде, жазаланушы да вибрацияланған кереуетпен қатар қозғалыста жатады. Жұмыстың қалай жүзеге асқанына кез-келген адамның көз жеткізе алуы үшін тырма арнайы шыныдан жасалған. Инелерді шыныға орнықтырамыз деп біраз әурелендік, тоқтаусыз әрекетіміз әйтеуір дегенде өз жемісін беріп аққан терімізді ақтады. Себебі, уақыт пен күшті сарқудан аянатын біз емес!... Жазудың денеге таңбалану барысыншыны арқылы әрбірі тамашалай алады. Жақынырақ келіп, инелерге қарағыңыз келмей ме?

     Бақылаушы орнынан баяу тұрып, құрылғыға жақын келді де тырманың үстіне еңкейді.

    - Көргеніңіздей, - деді офицер, - бір-біріне ұқсамайтын екі ине. Бірі ұзын, бірі қысқа. Ұзын ине жазады, қысқа ине жазудың анық көрінуі үшін су шашыратып, қан іздерін қалдырмай шайып отырады. Қан аралас су, мына тұрған шағын мұржа бойымен негізгі құбырға құйылып, ары қарай арыққа барып қосылады. 

   Офицер саусағын созып қан суының ағатын жолдарын анықтап көрсетті.Осының өзін барынша әсірелеп, қызықты еткісі келіп құбырдың арыққа ашылар ауызын қос қолымен ұстай бергенінде бақылаушы басын көтеріп орынына барғысы келген, артындағы орындықты іздей бастаған.Сол сәт, офицердің шақыруын құдды өзіне қабылдағандай құрылғыны жақыннан тексеру үшін жазаланушының арқа тұсынан төніп келе жатқанын көргенде тұла бойы түршігіп кетті. Жазаланушы жауынгердің мызғып кеткенін пайдаланып шынжырын ұзартып, шыныға жақындап қарады. Әлденеден құр қалған кісідей офицер мен зерттеуші қараған жерлерді іздеді, алайда оған ешкім анықтама бермегесін түрінен ештеңе түсінбегені көрінді. Біресе анда, біресе мында еңкейіп мағынасыз жыпылықтаған көздерін қайда тоқтатарын білмей, шынының бетінде дегбірсіз кездіріп жүр.Бақылаушы оны кері итермек болды, өйткені оның мұндай оспадарлығы онсыз да жазасыз қалмасы анық. Бірақ офицер бір қолымен бақылаушыны одан сақтандыра ұстап, екінші қолымен топырақ үйіндісінен уыстап алып жауынгерге лақтырып қалды. Жауынгер көзін ашқанда босаңсып кеткен жазаланушының не бүлдіріп жүргенін көрді, мылтығын тастай салды да орнынан оқша атылып шынжырынаншап берді, оқыс қимылдан жазаланушы омақаса құлапшынжырдың шатыр-шұтыр дыбысы дүниені басына көтерді.

   -Тұрғыз орнынан! – деп зекіді офицер, бақылаушының бар назары жазаланушыға ауғанын байқап.Бақылаушы тырмаға еңкейгендей түр танытқаны болмаса,ендігіде ол жерде оны қызықтырар дым жоқ, тек жазаланушыға не болатынын көргісі келді.

   - Абайла! -деп тағы ақырды офицер.  Құрылғыны айналып жүгіре басып жетті де, тақыр құмнан табаны тайқи берген жазаланушыны қолтығынан ұстап, жауынгер екеуі екі жақтап тұрғызды.

    - Осы түсіндіргендеріңіз де жеткілікті -деді бақылаушы қасына қайтып келген офицерге.

    – Ең маңыздысы әлі емес, - деп офицер бақылаушыны қолынан ұстап, құрылғының үстіңгі бөлігіне қаратты.

   – Ол жерде таңбалағыштың қызымет күшіне жауап беретін доңғалақтар бар, доңғалақ үкім бойынша жұмыс істейді. Мен әзірге дейін бұрынғы командиріміздің сызбаларын қолданамын. Мінеки, - теріден тігілген сөмкесінен бірнеше қағаздарын шығарды – өкінішке орай бұларды қолыңызға бере алмаймын, өйткені иелігімдегі ең қымбат дүниелерім еді. Отырыңыз, сізге ұзақтан болса да көрсетейін, қарауға қай жер ыңғайлы, сонда отырыңыз. Бірінші қағазды шығарып көрсетті. Бақылаушы қағазда бейнеленген үлгілерге қарап офицердің оған деген құрметін қуаттай түсіп, өз тарапынан бірдеңелер айтпақ еді, алайда қағаз бетін толық қамтыған, өзара тығыздықта қиылысқан сызықтардан құралған лабиринтті ғана көрді, сызық арасындағы жолдар асқан шеберлікпен, дәлме-дәл өлшенген.

           - Оқыңыз, -деді офицер.

           - Оқи алмаймын - деп жауап қатты бақылаушы.

           - Айшықты түрде бейнеленіп тұр ғой - деді офицер.

           - Аса кірпияз туынды - деді бақылаушы жалтарып, -талғам деңгейім теңесе алмайды.

   - Иә- депофицер күлімсіреп қағаздарын қайта жинастырды, -жас өспірімдерге арналған әдеби шығарма емес, әрине. Індете зерттеу керек. Талпынсаңыз түбі түсінесіз. Қарапайым жазба болмауы табиғи да; бірден өлімге жол берілмейді, шамамен он екі сағат бойы жүзеге асуы керек; дегенмен алтыншы сағат шешуші маңызға ие. Негізгі жазу белбеу пішініндей ғана көлемде жатады, айналасы әр түрлі өрнектермен әсемделген,  дененің бос қалған бөліктері басқа таңбалармен безенетін болады. Енді құрылғы хақында тұтастай хабарлана алдыңыз ба? – Қараңыз! - Офицер сатымен көтеріліп, доңғалақтардың бірін айналдырып кеп жіберіп астына айқайлады:

    - Абайлаңыз! Алысырақ тұрыңыз! - құрылғы іске қосыла жөнелді. Дөңгелектер сақырламаса тіптен тамаша болар еді. Дөңгелектерден мұндай дыбыс күтпеген офицер дыбыс шыққан жерге жұдырығын түйіп, айбат көрсетіп қойды, кейін офицерге қарап кешірім өтініп қолын төмен созды да құрылғының қосылғанын көру үшін баспалдақпен асығыс астына түсті. Құрылғының тек өзіне аян тағы бір кінәратын байқағанда, жоғарыға қайта шығып екі қолын таңбалағыштың ішіне салып әлденелерді тексерді, бітісімен сатыға қарамай тезірек түсу үшін ұстанған темірінен төменге сырғи салды, азан-қазан шуылдақтан ауызын бақылаушының құлағына тіреп айқайлады: 

   - Жұмыс барысын түсіндіңіз бе? Тырма жазуды бастайды; жазаланушының арқасына жазудың алғашы белгісі түсісімен астындағы мақта қабаты бір бүйірлеп, баяу айналады, сол кезде денеде тырманың ұшынан тыс ашық жер қалмайды. Жараланған жерлерді арнайы өңделген мақта қабаты дереу тазалап қанын сорып алады, сөйтіп жазудың тағы бір мәрте тереңдеуіне жағдай туғызады. Тырманы жиектей орналасқан тісшелерге келсек, кезекті рет айналған дененің үстіндегі қан сіңген мақталарды жұлып алып арыққа лақтырады, сонда ғана тырма өз жұмысын кедергісіз жалғастырады. Осындай қарқынмен денедегі жазу он екі сағат бойы тереңдей береді, тереңдей береді... Алғашқы алты сағат жазаланушы өзінің тірі екендігіне күмән келтірмейді, тек ауырсынуды сезінумен жатады. Екі сағат өткесін ауызына тығылған қол басындай киіз алынады, себебі одан әрі айқайлайтын әлі қалмайды. Мұнда, кереуеттің бас жағына электр қуатымен қызатын арнайы ыдысқа салынып күріш ботқасы қойылады, жазаланушы қалағанынша, ауызы жеткен жерге дейін жейді. Қазірге дейін бұл ботқадан бас тартқан адамды көрмеппін. Алтыншы сағатқа жеткенде жазаланушы ботқаның дәмінен де рахат алуын тоқтатады. Мұны тәжірибелерімнен білемін. Әдетімше мен бұл көріністі тізерлепотырып қараймын. Жазаланушылардың көбі ботқаның соңғы қарпуын жұтуға шамасы келмейді. Ауызына салып әрі-бері шайнап, шұңқырдың ішіне түкіріп тастайды. Сол сәтте еңкейіп қалатыным бар, әйтпесе түкірігі бетіме тиіп кетуі ғажап емес. Қанша арпалысып бақса да алтыншы сағатта жазаланушының үні өшеді. Ақымаққа да ақыл қонамын десе демде ғана. Мұның алғашқы белгісі көздерінің айналысында байқалады. Біртіндеп жан-жағына таралады.Бұл көріністің тартымдылығы сонша, көрген адам еш ойланбай тырманың астына жата кеткісікеліп, тыпыршып әрең тұрады. Әрмен қарай әсерлі ештеңе күтудің керегі жоқ, жазаланушы жазу таңбаларын ажыратып, оқуға тырысады. Құдды бірқұлақпен естіп, көзбен көріп тұрғандай еріндерін жыбырлатып, күбірлейді. Өзіңіз де байқадыңыз, бір көргеннен не жазылғанын оқу оңайға түспейді, ал жазаланушымыз оны денесіндегі жаншылған іздер арқылы табады. Мойындау керек, бұл біраз ұзаққа созылатын шаруа, не жазылғанын толық оқып, көзі жеткенге дейін алты сағат кетеді.Cодан соң денесін тесіп шыққан тырма оны көтерген күйі шұңқырға қарай лақтырады, қою қызыл мақталар қалқып жүрген қанды суға барып құлайды. Жазалау жұмысы осымен аяқталады, артынан сарбаз екеуіміз қалып мәйітті көмеміз.

            Бақылаушының құлағы офицерде, қолдары қалтасында, құрылғыға қарап тұр. Жазаланушы да беймағұлым қалпы құрылғы жаққа қарап аңырған қалпы. Сәл еңкейіп тісшелердің дірілін баққанында сарбаз офицердің ымын түсініп, пышақпен жазаланушының шалбары мен жейдесін арқасынан дар-дар айырып кеп жіберді, үстінде шүберек шұрпыдан ырым қалмаған жазаланушы әбүйірін жасыру үшін дал-дұлы шыққан лыпасына қарай ұмтылғанда сарбаз одан бұрын қимылдап киімдерін жерден жұла көтеріп, әрі-бері сілкіді.Офицер құрылғыны толық қамдап болғаннан кейін аздаған үнсіздік орнап,  жазаланушыны тырманың астына жатқызды. Шынжырлар шешіліп орнына белдіктер тартылды,бір қарағанда жазаланушының бойы жеңілейіп, жайланып та қалғандай көрініп еді. Тырма тағы бір мәрте төменге түсірілді, өйтпесе жазаланушы анау айтқандай сүйегіне ілінген арықтың бірі еді. Иненің жасуы тигенде денесі тітіркеніп, терісінен жылжып өткен жыбыр белгісі байқалды, сарбаз оның оң қолымен әлек болып жатқанда, жазаланушы сол жақ қолын белгісіз бір бағытқа созды,бақса, бақылаушы тұрған жақты нұсқапты. Офицер маналы бері қасындағы бақылаушыдан бір сәт көзін алмаған, үстіртін болса да жүргізген түсіндірмелерінен қандай да бір түйген-білгені болса байқатар ма деп, жүзінен әлдебір әсер белгісін аңдып тұрған еді.

           Сол сәтте білекке тартылған белдік үзілді, сарбаз тым қатты күштеп жіберсе керек. Амал-билік офицерде, сарбаз оған белдіктің үзілген бөлігін көрсетті. Офицер сарбаздың жанына барды да, зерттеушіге бұрыла сөйлеп:

 - Құрылғы тым үлкен болғандықтан, оның құрылысы да тым күрделі, сондықтан ұсақ-түйек бөлшектердің бірі үзіліп, бірі бүлініп жатуы табиғи нәрсе,бұл құрылғының жалпы сын-сипатын бағалауға кедергі келтірмейтін кем-кетіктер. Белдік орнына басқа зат табылады, мысалға мен оның орнын шынжырмен алмастырамын, бір әттеген-айы шынжыр сол қолының вибрациясын бәсеңдететіні.

          Жазаланушының сол қолын шынжырмен шандып жатып офицер тағы бір әңгімесін бастады:

        -  Құрылғыны жаңалап, үнемі тексерісте ұстап отыруға қазір қаражат жеткіліксіз. Ескі командирдің кезінде ғой құрылғыны жөндеуге арнайы қаржы бөлінетін,оны мен қалауымша жарататынмын. Мына жерде қосалқы бөлшектер сақталатын қоймаға дейін болған. Ішіне кірсеңіз қосалқы бөлшектердің көптігіненкөз тұнатын.Мойындаймын, оларды аямай оңды-солды пайдаландым, ондай ысырапқорлығым бұрын болған еді, иә, бұрын, ескі командиріміздің кезінде қалыптасқан жөн-жоралғыны жотасынан басып, жаңа жүйе орнатам деп жүрген анау жаңадан келген командирсымақтыңмәлімдемесінде айтылғандай әсіре бейберекет емеспінқазір. Құрылғыға қажетті қаржының бәрі қазір сонда, жаңа белдік пайдаланғым келсе, ескісі міндетті түрде үзілуі керек, оны дәлел ретінде көрсетіп жаңасын күтем, ал жаңасы келем дегенше он күн өтеді, онысының өзі бір сапасы нашар, түкке тұрғысыз дүние. Ол аралықта мен құрылғыны белдіксіз қалай тексеріп, қайтіп іске қосам – оған бас қатырып жатқан тірі тұлып жоқ.

Бақылаушы ойлады: Біреудің ісіне араласу – бәлеге жақындағанмен бірдей. Өзі осы колонияның тұрғыны, я осы елдің азаматы болса бір сәрі. Жазалауды болдырмау былай тұрсын, өз тарапынан қандай да қарсы уәж айтар болса «Сен шетелдіксің! Араласпай жөніңе отыр» деп тиып тастайды. Сол кезде ештеңе дей алмай мысы басылып, өзінің орынсыз киліккеніне қысылып қалады; мұндажазалау ережесін өзгерту үшін емес,жұмыс барысын бақылау мақсатымен келгенін есінеалады. Дегенмен айналасындағы мына жағдай одан оқыс бірдеңе талап етіп тұрғандай. Сот үкімінің әділетсіздігі, жазалау тәсілінің жабайылығы зәредей күмән тудырмайды. Ешкім де бақылаушының өзіндік ішкі есебі,бір бүккен сыры бар-ау деп негізсіз болжам жасай алмайды; себебі жазаланушы жігіт оған мүлде бейтаныс, араша түсердей не жақыны, не жерлесі емес.Бақылаушының қолындажоғары мекемелердіңарнайы табыстаған ұсыныс хаттары бар, мұндағылар да оны құрақ ұшып қарсы алды,жазалау шарасын көруге шақырғандарының өзі - осы колония туралы пікірін маңызды санағандарын білдірсе керек-ті. Әрі манадан бері түсінгеніндей, жаңа командирдің мұндай сот процесіне деген қарсылығы мен офицер екеуінің араздығы тағы бар.

Тура сол мезетте офицердің ақырғанащы дауысы естілді. Жазаланушының ауызына қазық ұшындағы киізді нығарлап тығып, күшпен итеріп жатқанда жазаланушы қиналғанынан лоқсып, көзін жұмып ішіндегі запыранын ұстай алмай лақ еткізді. Офицер әлгі киізді қайта жұлып алып жазаланушының басын шұңқырға тосқанында бәрі кеш еді; құсықтың бәрі құрылғы үстіне шашыраған.

    - Бәрі командирдің кінәсі! – деп айқайладыашудан жарылардай қалшылдаған офицер жез өзектерді салдырлата жұлқып. – Құрылғыны ластап бітіретін болды, құдды бір мал қора сияқты.

           Дір-дір еткен қолдарымен бақылаушыға не болғанын көрсетті.

     - Жазаланушығаэкзекуацияға бір күн қалғанда тамақ беруге болмайтынын сағаттап түсіндірдім. Бірақаса мейірбан адамдар басқаша ойлайды екен. Жазалауға дейін командир маңындағы ханымдар жазаланушынымызды өңі тұрмақ түсінде көрмеген неше түрлі тәттілер жегізіп тойдырып қояды.Өмір бойы сасыған сазан етінен басқаны көрмеген адам қалай тәтті жейді? Мейлі, онысына да көндім. Ал үш айдан бері құдайдың зарын қылсам да командирге бір жаңа киіз алдыра алмағанымды қайда қоям?Өзіне дейін жүздеген бейбақөлермендене тістеп, әбден сора-сорасы шыққан мына киізді жиіркенбей қалай салады бұл ауызына?

Жазаланушы басын қайтадан төмен қаратып, ыңғайланып жатты; сарбаз оның көйлегімен құрылғыдағы құсықты сүртіп, тазалады. Офицер неге екені белгісіз артқа шегініп кеткен бақылаушының қасына барды да қолынан ұстап шетке алып шықты.

    - Өзіңізге ғана айтар бір сөзім бар еді. Рұқсат етсеңіз, - деді.

          - Әрине, - деді бақылаушы төмен қарап, офицерді тыңдауға дайындалып.

          - Сізге таңсық көрінген бұл сот шешімі мен жазалау үлгісін қазір колониямызда қолдайтын ешкім жоқ. Ал мен болсам ескі командиріміздің уағында қалыптасқан үрдіс пен оның мұрасын қорғауға серт еткен жанмын. Әрмен қарай жетілдіру мүмкін емес, одан тіпті үмітімді үзгенмін, енді тек ақтық демім біткенше сот процесінен қалған осы жұқананы місе тұтып, сақтап қалуға тиіспін.Ескі командиріміздің тұсында колонияда оны жақтап-қостайтындаркөп еді; ол кісідегі айрықша сендіре білу өнері менде де бар, бірақондай билігім жоқ; сол себептен кезінде оның сөзін сөйлеп, дәргейіне бас ұрғандар қазірінге тығылған тышқандай жасырынып, бұғып жүр; бас көтеруге келгенде бірінің де батылы жетпейді.Егерде бүгін, жазалау шарасы белгіленген күні, олардың жиналатын шәйханасына әдейілеп барып, әңгімелеріне бір сәт құлақ түріңізші, кілең бір іске алғысыз,екі ұшты пікірлер естіп қайтасыз.Солардың бәрі осы әдістің қайта жандануын тілеп жүрсе де, қазіргі командирдің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс боп тұрған шақта маған олардан еш пайда жоқ. Ал енді сіз айтыңызшы, кеше ғана келген қайдағы жоқ бір командирсымақпен оның әйелдеріне жақпайды екен деп, ескі командиріміз өмірін арнаған мынадай ғаламат өнер туындысын –офицер құрылғыны нұсқады – құрту керек пе? Бұған қалайша жол беруге болады? Тіпті аралымызға сонау шетелден бірнеше күнге арнайы сіз келіп жатсаңыз да... Үнсіз қала алмаймын. Енді уақыт жоғалтуға болмайды, сот орындаушысы ретінде құқығыма қарсы істер жүргізілуде; соны қызу талқыға салатын комендатурадағы жиналыстарға мен шақырылмаймын; тіпті бүгінгі жазалау шарасына сіздің келуіңіз де маған жағдайды анықтап берді; өздері келуге қорыққандықтан, шетел азаматы ретінде орнына сізді жіберіп отыр. Кезінде қалай еді? Жазалау шарасына бір күн қалғанда алқап толы құжынаған халық болатын; барлығы жазалау шарасын тамашалауға жиналғандар; таң атысыменалдыңғылардың бірі болып әйелін ертіп командирімізкеледі;айналаны азанға бөлеп горн тартылады; мен әзірлікті пысықтап, шара басталуға дайын екенін хабарлаймын; жиналғандар – әсіресе жоғары лауазымды тұлғалар шараға келуге міндетті – тегіс құрылғы маңында үймелеп тұрады;ана жатқан қалың тысты орындықтар – сол кездің сарқыншақтары.Жөндеуі келіскен құрылғы мұнтаздай боп жарқырап тұрады; әр орындау сайын мен қосалқы бөлшектерін алмастырып тұратынмын. Жүздеген адамның көз алдында – анау төбелердің қойнау-қолтығына лықа толған көрермендер аяқ ұшына көтеріліп, мойындарын созысады – командир жазаланушыны өз қолымен тырманың астына жатқызады. Қазіргі мына сарбаздың күйттеп жатқан тірлігі - сол уақтағы сот төрешісі болғанменің мойныма жүкетелетін және бұл мен үшін аса абыройлы, мәртебелі қызымет еді. Сөйтіп, жазалау басталады!Қандай жағдай орын алмасын, құрылғының жұмысына бөгет болып көрген емес. Кейбіреулері қарауға дәті шыдамай көздерін тарс жұмып, құмға жатып алады; бәріне ортақ бір шындық бар: Әділдік өз үстемдігін орнатады. Ауызына тығылған киізге тұншығып,ауырсынғаныншығара алмай қиналған жазаланушының ыңыранған дауысынан өзге бөтен үн, жат дыбыс естілмейді.Қазір жазаланушының жан дауысын шырқыратып тұрып шығаруға құрылғы қауқарсыз, жаны көзіне көрінгендеауызына тығылған қоса қабат киізге де дес бермеуші еді кезінде; ол кездері денеге түсірілетін инелердің ұшынан күйдіретін, өткір бір сұйықтық ағатын, оны пайдалануға қазір тиым салған. Алтыншы сағатқа да жетеміз. Жалынышты жүзбен қарап, жазаланушыны жақындап барып көргісі келетіндердің бәріне бірдей рұқсат берілмейді. Мүмкін емес. Командир бірінші кезекте балалардың тілегін орындауды құп көрер еді; менің керектігім сол кезде тағы бір мәрте білінетін, қос қолыма бір-бір жүгермектен ұстап алыпанау жерде отыратынмын.Аяусыз азапталған жазаланушының жансыз кейпіне қарап, өшкіндеп барып қайта жарқ еткен әділдік нұрына шомылғандай жүзіміз бал-бұл жайнап, серпіліп шыға келер едік. Қандай шуақты кезеңдер десеңші, достым!

           Сезімге беріліп кеткені соншалық, офицер кімнің қасында тұрғанын ұмытқан сынды, бақылаушыны құшақтап, иығына басын сүйеді. Не істерін білмей дағдарып қалған бақылаушы амалсыз құрылғы жаққа қарады. Сарбаз құрылғыны тазалап болғасын, арнайы табаққа күріш ботқасын салып, еселеді. Манадан бері тым-тырыс, мызғып жатқандай көрінген жазаланушы ботқаны байқай сала жалма-жан ұмтылып бір шетінен жалай жөнелді. Сарбаз қомағайлана бас қойып, жалмаңдай берген жазаланушыны кері итеріп оған бөгет қыла алмай тәуір сарсаңға түсті, себебі ботқаны жеуге әлі ерте болатын, дегенмен сарбаздың да кір сіңген қолдарын ботқаға матырып, жазаланушының көзінше жегені бұйрықтан аттау еді.

          Офицер бойын тіктеп, өзін ретке келтірді.

        - Сізді толқытайын деген ниетім жоқ, - деді, - өткен күндерді түсіну қазір мүмкін емес екенін білемін. Әрбірден соң құрылғы әлі істеп тұр, әлі де баяғы бабында.Осы құмда қаңырап бір өзі қалсада ол өзінің әлуетті,мінсіз құдыретін сес қылып, жұмысын жалғастыра бермек. Межесі келгендеөлік те шұңқыр ішіне баяу қалықтап барып баяғысынша дөп түседі, баяғыдай шұңқыр маңына шыбындай үймелепжүзқаралы адам тұрмаса да. Кезінде шұңқырды айналдыра қоршап, бекітіп қоюымызға тура келетін, қазір ондай қажеттіліктен адыра қалғалы қашан...

          Бақылаушы офицерден жүзін тайдырып әкетіп, айналасына амалсыз көз жүгіртті. Офицер осынау далиған иен шөлге қарап, таңырқап тұрғаны болар деп топшылады; сол үшін қолын алып, оның қарап тұрған жағына онымен бірдей қарады да:

       - Мына масқаралыққақалай дәт шыдайды?, - деді.

   Бақылаушы үндемеді. Офицер де оны бірер сәтке дейін мазаламады; аяқтарын алшайта ұстап, мықынын таянып, жерге қадала қараған күйде өзі де бір сәт байыздап қалды.Аз-кем үнсіздіктен кейін қайратына мініп, жігерлі, айбынды кейпіне қайта еніп барып бақылаушыға күлімсіреп былай деді:

        - Кеше сізді командир шақырғанда, мен де жақын маңда едім. Шақыртуын естідім. Командирді жақсы білемін. Сізді шақырғандағы мақсатын да бірден түсіндім. Маған қарсы қолданар күш-қуаты мол болса да әлі күнге дейін жүрегі дауаламай жүргесін,сіз секілді көреген,шетел азаматының пікірін білгісі келгені ғой. Бәрін алдын-ала жүйелеп, дәлме-дәл есептеген: бүгін сіздің аралға келгеніңізге небәрі екінші күн,бұрынғы командирді білмейсіз және оның ойларынан да мүлде бейхабарсыз, Еуропалық түсініктегі адам екеніңізді де есепке алайық, бәлкім өлім жазасы дегенге сіз затыңызда қарсы шығарсыз, немесеүкімнің мұндай құрылғымен орындалуына наразы болуыңыз мүмкін, оның үстіне жазалау шарасының жұрт назарынан оқшау мынадай жұпыны жағдайда өткелі жатқаны мен құрылғының ақаулығы және бар – осының бәрін қорыта келе(командирдің пайымдауынша)сіз менің сот жүргізу әдісімді қисынсыз деп табасыз, солай ма?Солай болған күнде де сіз ойыңызды жасырмай (командирдің пайымдауына сүйенсек) мүлтіксіз айта аласыз, қанша дегенмен тәжірибеңіздің молдығына сенесіз ғой.Шындығында сіз көптеген халықтардың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымен танысып оларды ғылыми тұрғыдан саралап, қабылдап үйренгенсіз, сондықтан өз еліңіз болмағасын сіз бұл орайда келіспеушілігіңізді ашық білдіре алмайсыз. Алайда командирге керегі әсте де ол емес. Аңдаусыз, кездейсоқ айтыла салған бір ауыз сөз де жеткілікті.Ол сіздің нақты көзқарасыңызды білдіретін сөз болуы маңызды емес, бастысы командирге ұнаса болды. Сосын құрық бойламас қулыққа басып сізден қазбалап бірдеңелер сұрай бастайтынына сенімдімін. Тіпті әйелдеріне дейін келіп сіздің айтқандарыңызға мұқият құлақ түреді; сіз мәселен «Бізде сот ісі басқаша жүргізіледі» немесе «Бізде алдымен айыпталушыдан жауап алынады, сол бойынша үкім шығарылады» болмаса «Бізде өлімнен басқа да жаза түрлері қарастырылған», «Азаптау бізде тек орта ғасырда ғана қолданылған» дерсіз. Және бұл айтқандарыңыздың барлығы дұрыс, әрі менің де сот жүргізу дағдыма зәредей зияны жоқ кінәратсыз пікірлер. Бірақ командир мұны қалай қабылдайды? Қазірдің өзінде мен оның орындығын артқа итере-митере атып тұрып балконға қарай жүгіргенін, ізінше жағаласып әйелдерінің ере шыққанын көріп тұрмын,  әйелдері найзағай шатыры деп әспеттейтін әмірлі дауысына дейін есітіп, не дейтінін де біліп тұрғандаймын: «Әлемнің түкпір-түкпірін аралап, сот жүйелерімен танысып жүрген еуропаның әйгілі ғалымы жаңа ғана біздің ескілік көлеңкесінде қалған жазалау әдісімізді адамшылыққа жат деп тапты. Мұндай парасатты тұлғаның пікірінен кейін мен әрине, бұл жазалау тәртібінің жалғасуына рұқсат бере алмаймын. Сондықтан, бүгіннен бастап...» деп сыдырта жөнеледі... Араласқыңыз, кіріскіңіз келеді. Оның мәлімдегеніндей ештеңе айтпағаныңызды, менің әрекетімді адамшылыққа жат деп тіпті санамайтыныңызды, керісінше нағыз ар-ұятты көксеген, тек адамға ғана тән озық әдіс екеніне жан-жүрегіңізбен иланып, мына құрылғыға қайран қалғаныңызды айтқыңыз келеді, бірақ тым кеш; - топырлағанәйелдерді киіп-жарып балконға да беттей алмайсыз әуелі; ел назарын өзіңізге аударғыңыз келеді, айқайлағыңыз келеді; бірақ әйелдердің бірі оған мұрша бермей, қолымен ауызыңызды жабады, сөйтіп менің де, ескі командирдің де еңбегі еш болып, келмеске кетеді.

          Бақылаушы күліп жібере жаздап өзін әрең ұстап тұрды; соншалық қиын деп ойлаған мәселесі, бақса, оп-оңай екен. Жалтара жауап қатты:

        - Сіз менің ықпалымды тым асыра бағалап алған сияқтысыз; командир менің ұсыныс хатымды оқыды, сот саласының маманы емес екенімді біледі. Егер мен өз пікірімді білдірер болсам, оның кез-келген адам айта алатын көп ішіндегі таптаурын пікірлерден айырмасы да, санасарлықтай маңызы да болмайды, колониядағы ең жоғары құқыққа ие командирдің пікіріне тіпті әсер етпейдідеп ойлаймын. Ал егер жазалау жүйесіне қатысты командирдің пікірі расыменде сіз ойлағандай біржақты әрі нақты болса, онда қорқуға болады, менің көмегімсіз-ақ бұл жүйенің күні бітпек.

Бақылаушының айтқандары офицердің жетесіне жетті ме?Жоқ, әлі де байыптай алмай тұр. Басын шайқап біраз сергігендей болды да, бұрылып сарбаз бен жазаланушыға қарады,күріш ботқасын таласа жеп, қаужаңдаған екеуі дереу тиылып, тына қалды;  офицер бақылаушығажақын барып, жүзіне тура қарамай, пенжағына көз тоқтатқан күйі баяғысынан да бәсеңдеу дауыспен:

      - Cіз командирді білмейсіз; оған да тура бізге сенгендей – көңіліңізге ала көрмеңіз – тым аңғал ниет танытасыз; маған сеніңіз, сіздің ықпалыңыз өзіңіз межелегеннен әлдеқайда артық. Жазалау шарасына жалғыз келіп қатысатыныңызды естігенде мен қатты қуандым.Командирдің мені мұқатпаққа бекінген бұл әрекетін, мен өз пайдама шешемін. Пыш-пыш өсектер мен ғайбатшыл cырт сөздерге арандап қалмай – шараға көп адам қатысқанда ондай жағдайға сөзсіз душар болар едік – сіз менің түсіндірмелерімді тыңдап, құрылғымен таныстыңыз. Енді үкімнің қалай орындалатынын тамашалайын тұрсыз. Пікіріңізді әлдеқашан қорытқан да шығарсыз; көңіліңізді мазалаған әлі де бір күмәніңіз болса, үкім барысында сейіледі. Енді сізден өтінерім мынау: Командирге қарсы күресте маған жақтасыңыз!

          Бақылаушы оған мұнан ары сөйлеуге мұрша бермеді.

       - Қалай жақтаспақ екенмін сонда, - деп зірк етті, -мұныңыз ақылға сыймайды. Сізге тырнақтай зиян тигізбейтінім секілді, титімдей пайда да бере алмаймын.

       - Көмектесе аласыз!, - деді офицер. Бақылаушы офицердің тас түйілген жұдырығын көргенде ептеп тіксініп қалды. «Көмектесе аласыз» деп сызданды офицер сөзін тағы қайталап. – Ойға алған жоспарым бар, сәтсіздікке ұшыратар үстіртін амал емес. Шама-шарқым көп нәрсеге жетпейді деп ойлайсыз. Жеткілікті екенін мен білемін.Cіздің шамалауыңыз дұрыс деген күннің өзінде, бұл жазалау жүйесін сақтап қалу үшін қолда бар амал-айланы сарқа пайдаланып, ең өнімсіз әдіске жүгінсек те соңына дейін тырмысып бағу керек емес пе? Жоспарымды тыңдаңыз. Оның іске асуы үшін сіз бүгін колонияда жазалау тәртібіне қатысты өз пікіріңізді айтуыңыз қажет. Егер сізден арнайылап ештеңе сұрамаса, өздігіңізден тіс жармаңыз; айтқандарыңыз мейлінше қысқа, татымсыз болғаны жөн;бұл тақырыпта сөйлесуге зауықсыз екеніңізді, қиналатыныңызды, ал шын мәніне келгенде лағынет жаудыруға даяр екеніңізді бәрі сезсін. Мен сізді жалған айтуға үгіттеп тұрған жоқпын, керісінше, өтірік қоспасаңыз екен; жай ғана, қысқа да нұсқа жауаптар берсеңіз деймін. Мысалы: «Иә, шараға қатыстым» немесе «Иә, барлық ережелермен таныстым» деген сияқты. Бары осы-ақ, артық ештеңе керек емес. Жүзіңіздің солғын тартып, кейпіңіздің қашып тұрғанын түсіндіретін сан түрлі себеп бар, ол бірақ командирдің күткен дүниесі емес. Әлбетте, командир оны мүлде басқаша түсініп, өз ыңғайынша бұрмалап алады. Менің жоспарым да осыған сәйкес. Ертең комендатурада командирдің төрағалығымен басқарма мүшелерінің жалпы кеңесі өтеді.  Командир ондай жиындарды спектакльге айналдыруға шебер. Балкон да жасап қойды, қашан барсаң да қаптаған көрермендер жүреді. Қанша жерден қаламасам да, тіпті құсқым кеп жиіркенсем де ол жиынға қатысуға мен де мәжбүрмін. Кеңеске міндетті түрде сіз де шақырыласыз; егер бүгін менің жоспарым бойынша қимылдайтын болсаңыз, шақырту былай тұрсын, келуіңізді өтінетін болады. Ал егер қандай да бір түсініксіз себеппен шақырту алмай қалып жатсаңыз, олардың шақыруын талап етуіңіз керек; сол кезде шақырмай көрсін. Сонымен, ертеңгі күні сіз ханымдармен бірге коменданттың ложасында отыратын боласыз. Командир сіз келді ме екен деп арасында жапа-жапақ жоғарыға қарап қояды. Көпшілікке арналған қарабайыр, күн тәртібіндегі күйбең мәселелерді талқылап болғаннан кейін – әдетте бұл баяғы порттағы құрылыс жұмыстары төңірегін қамтиды, және тағы сол бітіп бермейтін құрылыс жұмыстарының әләуләйі– әңгіме желісі біздің сот ісіне ауысады. Егер командир бұл тақырыпты айналып өтіп немесе әңгімесін сиырқұйымшақтандырып созып жіберсе мен өзім килігемін. Орнымнан тұрып, бүгінгі өлім жазасы жөнінде хабарлаймын. Қысқаша ғана бүгін өлім жазасы жүргізілгенін айтып, елді құлағдар етемін. Ол жерде мұндай хабарландырулар айту әдепке жатпайтынын білемін, бірақ бекінген бетім осы.Командир әдетінше маған ізет білдіре күлімдеп, рақметін айтады және мұндай ұрымтал сәтті құр жібермеуге күш салады. «Қазір ғана» деп бастайды сосын, немесе сол мәндес қандай да бір сөздермен: «жазалау шарасы өткендігін естідік. Менің алып-қосарым мынау, өздеріңізге белгілі, бұл шараға колониямыздың құрметін арттырып, арнайы саяхаттап келген әйгілі ғалым қатысты. Бүгінгі жиынымыз да сол кісінің қатысуымен ерекше сипат алып отыр. Ендеше, осы сәтті пайдаланып, саяхатшы мырзадан біздегі ескі тәртіп бойынша жүргізілген өлім жазасы туралы және сот ісі жөнінде қандай пікір түйгенін неге сұрамасқа? Әрине, мұны барлығымыз тағатсыздана күтіп отырмыз. Әсіресе – мен!». Командир сізге иіліп құрмет көрсетіп: «Ендеше мен сізге осында отырған бәріміздің көкейімізде тұрған негізгі сұрақты қоймақпын» дейді. Сол кезде сіз жақтауға жақын келіп тұрасыз. Қолдарыңызды бәрі көретіндей етіп жақтау бетіне таяныңыз, әйтпесе ханымдар қолыңыздан ұстайды да саусақтарыңызбен ойнап, ойына келгендерін істейді. Сөйтіп, сізге де сөз кезегі тиеді.Бұған дейінгі мезі қылатын мезеттерді қалай өткерерімді білмеймін. Сөйлегенде ештеңеден тартынбаңыз, шындықты айтқанда дауысыңызды көтеріп, астамси сөйлеңіз, жақтаудан төменге иіліп бар пәрменіңізбен айқайлаңыз, иә, бұлжымас пікіріңізді, бүкпесіз шындығыңызды командирдің бетіне тура айтыңыз. Бәлкім, мұндай тентектікке сіз төселмеген де шығарсыз, табиғатыңыздан алшақ болар мүмкін, сіздің еліңізде мұндайда басқаша мінез танытатын шығар адамдар, түк етпес, барлығы өз жөнімен ғой; тіпті орыныңыздан тұрмай-ақ бірнеше сөз айтсаңыз жетеді, бастысы төменгі жақта отырған мырзалардың құлағына жетсе болғаны; шараны тамашалауға көрермендердің келмегенін, доңғалақтардың салдырлағанын, үзілген белдік пен құсық сасыған киізді айтып босқа әуреленбей-ақ қойыңыз; қалған шаруаны маған қалдырыңыз да, қайырын менен күтіңіз, егер менің сөзімнен кейін ол залдан шығып кетпесе тізерлеп отырып:«Уа, ескі командир! Алдыңыздағы иілген басым иілген» деп сайрайды.Міне, жоспарым осы! Ал енді маған көмектесесіз бе? Әрине, көмектеспегенде қайда барасыз, әрі-беріден соң көмектесуге тиіссіз.

             Сөзін аяқтаған соң офицер бақылаушының екі қолынан ұстап, терең  тыныстап, оның көздеріне қарады.Сөздерінің соңында дауысы жарықшақтанып, айқайлай сөйлегені сонша жауынгер мен жазаланушы да сілтідей тынып, құлақтарын тігісе қалған; табаққа таласуды доғарып, ауызында қалған ботқаларын жұтынған екеуі түкке түсінбеген бойы бақылаушыға қарап қатып қалыпты.

            Бақылаушы берер жауабын а дегеннен ойластырған; көпті көрген өмірінің сан белесінде әбден шыңдалған оның мұндай қысылтаяңда қобалжып, тосылардай жөні жоқ еді; асылында алымсыз бір жан емес-тін, антына берік, қорықпайтын, батыл болатын. Сонда да жауынгер мен жазаланушыны көріп бір сәт сақсынып қалды. Оқталған соң атылу да керек. Жауабын шорт кесті:

         - Жоқ.

          Офицердің көздері әнтек жыпылықтап, қараған бойы қадалып тұра берді.

         - Түсіндіргенімді қалайсыз ба? – деп сұрады бақылаушы. Офицер үнсіз басын изеді.

          - Менмұндай сот жүйесіне қарсымын, - деді бақылаушы. – Тіпті сіз маған сенім білдіріп, көмек беруімді өтінгенге дейін де – сізді өзіме кіріптар санаудан аулақпын – бұл іске араласуға хақым бар ма, бар болса менің көзқарасымнан әлдене өзгере ме деп ойландым. Оған көз жеткізу үшін әуелі кімге жолығуым керек екенін де анық білдім: әрине, командирдің өзіне.Сіздің айтқандарыңыз маған көп жайттың бетін ашты, алайда шешіміме ешқандай әсер еткен жоқсыз, керісінше, айтқандарыңыз пікірімді өзгерте алмаса да мен сіздің шексіз сеніміңізге қарап қайран болдым.

          Офицер үндемеді, құрылғы жаққа бұрылып жез өзектердің бірін ұстады да барлығы орын-орынында ма деп түгендей, барлай шолып басын шалқайтып, жоғарығатаңбалағышқа көз жіберді. Баққан кісіге жақын достардай көрініп, жауынгер мен жазаланушы ендігі біріне-бірі үйірлесіп алған тәрізді; сығымдап тартқан белдіктер қозғалуын қиындатып жатса да жазаланушы әлдеқалай ишара жасап жауынгерге белгі берді; жауынгер иіліп еді құлағына бірдеңелерді сыбырлап, ымдап түсіндірді; жауынгер басын изеп жауап қайырды.

           Бақылаушы офицердің қасына жақындап былай деді:

      - Сіз әлі менің не істейтінімді білмейсіз. Жазалау жүйесіне қатысты пікірімді командирге айтамын, бірақ жиналыста емес, бетпе-бет қалған бір уақта өзіне тікелей айтпақпын; қандай да бір жиналыс болады екен деп күтіп жататын уақытым жоқ; ертең таң атысымен бұл жақтан кетемін, кем дегенде кемеде отырармын таңда.

           Офицер бұл айтылғандарды тыңдап та тұрмаған сияқты.

        - Демек біздің сот жүйеміз ұнамаған болып тұр ғой сізге, - деді өзімен-өзі сөйлескендей әрі жас баланың қылығын қызықтап тұрған қарт адамдай жымия үн қатып, өзінің шынайы сезінгенін сол жымиыстың артына жасырып.

        - Олай болса мезгілі жетті, - деді ақыры бақылаушыға жанып алған көздерінен жарық шашып, әлдебір сұмдықтың боларын сездіргендейсұқтана бір қарап өтіп.

        - Ненің мезгілі? – деп шыр-пыр бола қалған бақылаушының сұрағы жауапсыз қалды.

        - Боссың, - деді офицер жазаланушыға оның өз тілінде. Жазаланушы сенер-сенбесін білмей қалды.

       - Қане, қане... боссың деймін, - деді офицер.

         Жазаланушының жүзінен алғашында өмір ағынының сәулесі жарқ еткендей болды. Шын айтып тұр ма? Әлде офицердің қисынсыз бір сәттік қыжыртуы ма? Жоқ немесе мына тұрған шетелдік оның аяушылық сезімін түртіп оятты ма екен? Не болып жатыр өзі мұнда? Жазаланушының жүзінде осы сұрақтар ап-айқын жазулы тұрғандай еді.Бұл күй ұзаққа созылған жоқ. Не болса о болсын, босататындары шын болса басқасында нем бар деп ол да өзінше тырманың астында бұлқынып, тынымсыз қозғалақтай берді.

        - Белдіктерді үзесің, - деп айналаны жаңғырықтырды офицер, - тыныш жат! Шешеміз сенсіз де өзіміз.

           Сөйтті де сарбазға белгі беріп, белдіктерді ағытуға екеуі бірге кірісті.Жазаланушы өмірге риза бір бейнемен тоқмейілси күлімдеп,сол жағында тұрғанофицерге бір, оң қапталындағы сарбазға бір бұрылып қарап қойды, тіпті бақылаушыны да ренжіткен жоқ.

         - Шығар тезірек, - деп бұйырды сарбазға офицер. Тырма төніп тұрғандықтан асқан ептілікпен қимылдау керек. Сабырсыздығынан жазаланушы арқасын бірнеше жерден тіліп те үлгерген екен. Бұдан кейін офицер жазаланушыға назар аударған жоқ. Бақылаушының жанына барып, былғарымен қапталған әмиянын алып шықты, ішіндегі бірнеше парақтарын ақтарып тұрып бір кезде іздеген қағазын тапты да бақылаушыға көрсетті.

        - Оқыңыз! – деді.

        - Бағана да айттым ғой, - деді бақылаушы – мен бұларды оқи алмаймын.

      - Дұрыстап қараңыз, - деп офицер бақылаушыны жанасалай келіп онымен бірдей үңілді. Мұнысынан да нәтиже болмағасынол енді бақылаушының оқуына қолайлыетіп, шынашағынқағаз бетімен жорғалатып, әріп таңбаларын белгілеп шықты. Бақылаушы да офицердің еңбегін еш кетірмей,  бір «уф» еткізейінші деп қанша шұқшия қараса даболмады. Ақыры офицер қағаздағы жазуларды бір-бір әріптен ежіктеп түсіндіріп, соңында тұтас оқып берді.

        - «Әділ бол!» деп жазылған, - деді –енді өзіңіз оқи аласыз.

         Бақылаушы қағазға одан бетер шұқшиып еді, офицер оның бір жері тиіп кетер ме екен деп жаны қалмай, қағазды дереу тартып ала қойды; бақылаушы ауыз ашпады, әрине, оның зердесіне сонда да ештеңе дарымағаны түрінен анық байқалып тұр еді.

      - «Әділ бол!» деп жазылған, -деді офицер тағы бір рет қайталап.

        - Мүмкін, - деді бақылаушы. – Солай жазылғанына шүбәм жоқ.

        - Жөн..., - деді офицер біртүрлі жеңілдегендей болымсыз жадырап, қолындағы қағазын ұстаған күйі сатымен өрмелеп үстіне шықты; қағазды ыңғайлы етіп таңбалағыштың бетіне қойды даайналма доңғалақтарды толығымен кері бұрады; қияметі көп өте бір күрделі шаруа екені рас, кішкентай доңғалақшалардың реттілігін тексеру әсіресе төзім мен сабырды керек етеді, осындай машақатқа түсіп жатқан офицердің басы әрегідік таңбалағыш тісшелерінің арасынан көрінбей де қалады.

     Манадан үздіксіз бәрін қарап тұрған бақылаушының мойыны талып, көзін күн қарықтырып әбден күйісі кеткен. Сарбаз бен жазаланушы бір-бірімен әмпей-жәмпей әлек. Сарбаз мылтығының сүңгісімен шұңқырда жатқан жазаланушының шалбары мен жейдесін алып шықты. Жейде тым кір еді, жазаланушы оны шелектегі сумен жуды; шалбары мен көйлегін кигенде сарбаз екеуі сықылықтап күлкіге кенелді, себебі киімдерінің арқасы тілініп, екіге ажырап кеткен болатын. Мүмкін жазаланушы сарбаздың көңілін көтеріп қоюды өзіне борыш санады ма екен, тізерлеп отырған сарбаздың алдында шыркөбелек айналып еді сарбаз ішек-сілесі қатып, санын соққылап тұрып күлді. Әйтсе де бастықтарының көзінше тым еркінсіп, дарақыланып кетпеуді де ойлады.

Бір кезде жұмыстарын түгел аяқтап болған офицер күлімдеп, құрылғының әрбір ұсақ-түйегіне дейін тексеріп тағы бір мұқият көз жіберді. Таңбалағыштың қақпағын жапты. Сатымен төменге түсіп шұңқырға, сосын жазаланушыға бір қарады. Киімдерін алғанын көріп мәз болып «бәрекелді» дегендей кейіп танытты да қолын жууға шелекке қарай жүрді. Шелек ішіндегі судың лас екененін көргенде қолын жуа алмай кеш қалғанына өкінді. Сосын қолдарын құммен ысқылады, суға шайғандай қайдан болсын әрине, бірақ басқа амал жоқ. Орынына тұрып, мундирінің түймелерін ағыта бастады. Сол кезде қолына жағасының астына тыққан әйелдердің екі бірдей қолорамалы ілінді.

         - Міне орамалдарың, - деп онысын жазаланушыға лақтыра салды. Бақылаушыға бұрылып күлімдеп:

- Ханымдардың сыйлықтары, - деді.Әлденеге асыққандай ширақ қимылмен мундирін шапшаң шешініп, әп-сәтте тыр жалаңаштанып алса да ол киім-кешегін асқан бір ұқыппен ұстап, аялай қол тигізді;мундирініңкүмістелген аксельбантын да бетінен саусақтарымен бір сипап өтіп, қисайыңқырап қалған шашақтарын жинап, біркелкі реттеді. Алайда осынша бипазданғаннан кейін кенет түлен түрткендей ашуға булығып, әлгі киімдерін шұңқырға қарай ата лақтырғаны манағы байыпты жанның бейнесіне мүлде ұқсамай қалды. Ендігі қалғаны қылышы мен белбеуі. Қылышты қынабынан суырып алып ортасынан қақ бөлді де дереу қылышын, қынын, белбеуін бәрін түк қалдырмай жинап алып бар пәрменімен шұңқырға ата лақтырды. Көз ілеспес жылдамдықпен ұшқан заттардың салдыр-сылдыр соғысқан дыбыстары естілді.

            Енді ол тырдай жалаңаш қалған. Бақылаушы ернін қымқырып үнсіз тұра берді.  Не болғалы жатқанын түсініп тұрса да офицердің ісіне араласуға құқығы жоғын ойлады. Егерофицердің құдайдай сеніп келген сот жүйесі расымен жойылудың алдында тұрса –мүмкін бақылаушының араласуы да себеп болған шығар, алайда ол негізсіз килігіп кеткен жоқ, араласса – парызым деп санады – онда офицер дұрыс әрекет етуде; оның орнында бақылаушы болса да тура сөйтіп істер еді.

            Сарбаз бен жазаланушы ештеңеден қаперсіз-тін, тіпті офицер жаққа мойындарын да бұрмаған. Жазаланушы орамалдарын қайтарып алғанына қуанып тұрғанда онысын көпке жеткізбей сарбаз байқаусыз бір мезетте тартып ала қойды. Жазаланушы да есесін жібермей оның белбеуіне қыстырған орамалдарына жабыса жөнелді, бірақ сарбаз ширығып сақ тұр екен. Екеуі лезде алқын-жұлқын ойынға көшті. Офицер тұтастай шешініп тастағанын көргенде барып қана тиылды. Әсіресе жазаланушы әлдебір күтпеген оқиғаның орын алғалы тұрғанын сезгендей. Өз басынан кешкен жағдай қазір офицердің басына төнген екен. Істі соңына дейін жеткізуі де ғажап емес. Бәлкім бұлай жасауға мынау шетелдік бақылаушы бұйырған шығар. Демек, осылайша кек қайтармақ қой. Өзіне арналған сот процесі орта жолдан тоқтатылып еді, ал офицердің соты соңына дейін жалғасады, сөйтіп кегі қайтады. Кесек жүзіне үнсіз күлкі үйіріліп, езуі жиылмаған күйі қала берді.

           Осы кезде офицер құрылғыға бұрылды. Бұрыннан бері құрылғының тілін озық меңгеріп, әбден жатылған шебер екендігі көпке мәлім болып келсе, бұл жолы оның құрылғыны қалай басқаратынын, өзіне қайтіп икемдейтінін көретін сәт туды. Созған қолы тырмаға тиер-тимесол ыңғайланып жатам дегенше тырма бірнеше рет түсіп қайта көтерілді; офицер кереуеттің шетін мықтап ұстана бергенде кереует те вибрацияға қосылды; қазық ұшындағы киізге де кезек жетіп, офицер оған ауызын да жолатқысы келмей тыпыршып еді, бірақ бір минут та болмай киізді ауызына тықты. Бәрі дайын, текбелдіктер ғана екі жағында салақтап бос тұрған болатын, офицер байлауды қажет етпеген сынды. Оны бірінші болып байқаған жазаланушы еді. Белдіктер байланбаса жазалаудың толықтай іске аспайтынын түсініп сарбазға ым қақты, екеуі дереу офицерді байлауға жүгірді. Офицер ол уақытта таңбалағышты іске қосатын иінтірекке аяғын созып жатыр еді; дер кезінде келе қалған сарбаз бен жазаланушыны көріп аяғын кері тартып, өзін байлауларына рұқсат етті. Ендігі кезекте иінтіректі іске қосу мүмкін емес; сарбаз да жазаланушы да олардың қалай орналасқандығынан мақұрым, ал бақылаушы болсасаусағын да қимылдатқысы келмеген. Енді оның да көмегі  шамалы; белдіктер байлана сала құрылғы өз жұмысына кірісе жөнелді де кереуетке вибрация жүгіріп, инелер тері бетінде зырлап, тырма да түсіп-көтеріліп тынымсыз қозғалысқа көшкен. Бәрін қалт жібермей қарап тұрған бақылаушының есіне тырмадағы доңғалақшалардың бірі сықырлап дыбыс шығаратыны түсіп, сол жерге мұқият үңілді; бірақ оғаш ештеңе естілмейді, ешқандай бөтен дыбыс жоқ.

            Бір қалыпқа түсіп, жұмысы жүріп тұрған құрылғы енді ешкімнің қадағалауын керек етпеді. Бақылаушы сарбаз бен жазаланушыға қарады.Жазаланушы ерек белсенді еді, құрылғыдағы әр қозғалысқа қызыға да құныға да қарады; біресе еңкейіп, біресе тіктеліп сұқ саусағымен сарбазға бірдеңелерді көрсетіп жатыр. Бақылаушыға бұл сүйкімсіз көрінді. Соңына дейін қалмақ еді бірақ  мына екеуіне қарап тұруға дәті шыдамады.

         - Үйлеріңе қайтыңдар, - деді.

            Сарбаз үшін бұл бәлкім бұйрық шығар, ал жазаланушы мұны өзіне тиісті жаза деп ұғынғандай келбет танытты. Алақандарын бір-біріне тигізіп, тіленшінің кейпімен өзін осында қалдыруын өтінді, бақылаушы жоқ деп басын шайқап еді, тізерлеп отырып жалынды. Бақылаушы бұйрығының пайдасыз екенін түсініп, оларды үркітіп қуып жібермекке ұмтылды. Сол сәт таңбалағыштан салдыр-гүлдір шу шықты. Жоғарыға қарады. Айналма доңғалақтардың біреуі сыр берген, сірә... Бірақ, бұл мүлде басқа нәрсесияқты. Таңбалағыштың қақпағы баяу көтеріліп барып шалқасынан ашылды. Тісшелердің ұшы көрініп, біртіндеп жоғары көтеріліп келеді, артынша бүкіл доңғалақтар көрінді, әлдебір жойқын кедергіге ұшырап таңбалағыш бітеліп қалғанға ұқсайды, салдарынан доңғалақ қысылып, орынынан ысырылып кеткен секілді,бір доңғалақ таңбалағыштың жиегімен жылжып келіп жерге тік түсті. Қатқақ құмның үстінде айналып тұрып-тұрып жалп етті. Ізінше жоғарыда тағы бір доңғалақ ытқи шығып, артын ала үлкенді-кішілі, біп-бірдей доңғалақтар көзге шалынды, әр кезегінде таңбалағыш іші толығымен бос қалды деген болжамға сендіріп лек-легімен көтеріліп жерге жауып жатыр, құм бетінде шыр-шыр айналып тұрып қалады. Осы жағдайда жазаланушы бақылаушының бұйрығын ұмытып кеткен, доңғалақтың тісшелеріне қарап таң-тамаша болған; оларды қағып алғысы келіп сарбазды көмекке шақырады, қолын батылсыздау созып жеме-жемге келгенде тартып алады, өйткені бірін-бірі қуалай құлаған доңғалақтар оның қауіпін үстемелей берді.

          Бақылаушы не қыларын білмей жан-жағына алақтады; құрылғы көз алдында шашылып, қирап жатыр; үн шығармай жұмыс істейді дегені көзбояушылық екен; офицердің хәлі мүшкілсіп бара жатқандықтан оған дереу арада көмек керек екенін түсінді. Бар зейінін доңғалақтарға ғана аударғандықтан, құрылғының басқа бөліктерінде не бар екеніне мән бермепті; ақырғы доңғалақ таңбалағыштан атылғасын тырмаға еңкейіп қарағанында сұмдықтың көкесін сонда көрді. Тырма жазбай қалған, шаншылған беті тереңдей берген және кереует те сәйкесінше денені аудару орнына, керісінше, инелерге итере жаншып барады.Бақылаушы бір орайын тауып бәрін тоқтатқысы келді; мынау деген офицер ойлағандай көпе-көрнеу азаптау емес, қып-қызыл кісі өлтіру ғой. Қолдарын созды. Бірақ сол кезде тырма инелерге жаншылған жансыз денені көтеріп алып қапталға тастады, негізі мұның уақыты он екінші сағатқа белгіленген-ді. Қан субоп ақты, бірақ сумен араласқаннан емес, су құбырлары да істен шыққан болатын.Ең сорақысы соңғы амал еді. Денеге шаншылған инелер шықпай, қаны сорғалап, шұңқыр ішіне тура құламай, шетіне ілініп тұрып қалған. Тырма әдепкі орынына қайтуға әрекеттеніп қозғалса да, жүгін тиісті орынға жеткізіп болмағанын ойлағандай, сол күйі қала берді.

          - Көмектессеңдерші! – деп баж ете түсті сарбаз бен жазаланушыға, өзі де офицердің аяқтарын ұстап тұрып.Бұл аяғынан тартып, екеуі бас жағынан көтеріп офицерді әупіріммен инелерден ажыратып алып шығуға тырысты. Бірақ сарбаз бен жазаланушы жүрексініп, барған сайын баяулап тартыншақтай берді; жазаланушы теріс бұрылды; бақылаушы олардың жанына жетіп барып, офицердің басын көтерісуге мәжбүрлеп көндіруден басқа амалы қалмады.Сол сәтте еркінен тыс мәйіттің жүзіне қарады. Тап тірі күнінде қандай болса, қазір де сол қалпы; уәде еткен арылуға байланысты шөкімдей де белгі жоқ; басқалардың тапқанын офицер бұл құрылғыдан таба алған жоқ; еріндері жымқырулы, көздері ашық, бейне бір әлі тірі жатқандай көрінеді; маңдайын қақ ортадан үшкір темір ине тесіп өте шыққан.

 

         Бақылаушы, соңына сарбаз бен жазаланушыны ертіп колонияға таяй берістегі жағалай тізілген үйлердің жанына келгенде сарбаз:

        - Әне, шәйхана! – деді.

          Көп үйлердің біреуінің төменгі қабатында орналасқан аласа ғана, қабырғалары мен еденін ыс басқан, сұрқы үңгірден айнымайтын шағын бөлме екен. Көшеге қараған есігі шалқасынан ашық жатыр. Шәйхананың сықпыты комендатураның сәнді ғимаратын санамағанда, колониядағы өзге де тозыңқы қоныстардан ешқандайайырмашылығы жоқ,бірақ бақылаушыға тарихи нысан секілді ерек көз тартып, ескі кезеңнің құдіретін паш етіп тұрғандай сезілді. Бақылаушы соңындағы екеуімен бірге шәйханаға беттеді, шәйхана алдында тұрған бос үстелдердің арасымен өтіп, ішкі жақтан есіп тұрғандымқыл салқын лепті жұтты.

        - Бұрынғы командир осында жерленген, - деді сарбаз – дінбасы оны зиратқа апарып жерлеуге рұқсат бермеді. Біраз уақыт қайда жерлейтіндерін білмей, ақыры осында қойды. Офицер сізге бұл жағын айтпағаны анық,  айтудан ұялады себебі. Бірнеше рет түн қараңғысында келіп командирдің сүйегін қазып алуға әрекеттенгені бар, бірақ әр келген сайын көзге түсіп, оны қуалап жіберетін.

        - Қабірі қайда? – деп сұрады бақылаушы сарбазға онша сеніңкіремей. Сарбаз бен жазаланушы бірден қолдарымен бейіт тұрған маңды нұсқады. Сосын бақылаушыны үстел-үстелде әңгіме құрып отырған азды-көпті келушілер арасымен шәйхананың артқы қабырғасына бастады. Келушілердің сықпытынан портта жұмыс істейтіндіктері байқалады; қысқа етіп қойған жылтыр қара сақалды, құж денелі еркектер. Пенжақ киген біреуі байқалмайды, жейделерінің жыртығынан жел есердей; жоққа тойған кілең жалшы-жақыбайлар болатын. Бақылаушы жақындап келгенде кейбіреулері орынынан тұрып, қабырғаға сүйеністі.

    - Бұл шетелден келген, - деп күбірлесіп жатқандар болды –бейітті көргісі келеді екен.

         Шетке жылжытылған үстелдердің бірінің астынан шынымен құлпытас көрінді. Кәдімгі құлпытас, үстел астына жасырып қоюға болатындай көз көрімнен оқшау, төмен. Бетінде кішкентей әріптермен жазылған бір жазу бар; бақылаушы анықтап оқымақ үшін тізерлеп отырды. Жазуда былай делінген: «Бұл жерде бұрынғы командир жерленген. Бүгінде оның есімін айтуға тиым салынған жақтастары оған осы қабірді дайындап, басына осы құлпытасты қойды. Күндердің күні болғанда командиріміз қайта тіріліп, бұл жерден шығып, өз жақтастарын бастап колонияның билігін қайтарып алады деген болжам бар. Сеніңдер және күтіңдер!»

           Бақылаушы оқып болып орынынан тұрғанда айналасы толы адамдар екенін және бәрінің езуінде кекесінді бір күлкі тұрғанын көрді, олар да оқыса керек, ондағы болжамды бос сандырақ деп тапқан тәрізді, бақылаушының да тура сөйтіп ойлайтынына өздерін сенімді ұстайды. Бақылаушы ештеңе байқамағандай түр көрсетті, оларға тиын тебен үлестіріп, үстелді қабір бетіндегі орынына қайтып әкелгенге дейін тұрды, сосын шәйханадан шығып айлаққа қарай тіке тартты.

           Сарбаз бен жазаланушы шәйханадан бір таныстарын кездестіріп сол жерде кідіріп қалды. Бірақ көп аялдамай  бақылаушының соңынан қуып жетті. Бақылаушы бұл кезде қайыққа мінетін баспалдақтықтың ортасына келіп қалған. Олар соған қарағанда бақылаушыдан өздерін бірге ала кетуін сұрап, оны көндірмекке ұқсайды. Бақылаушы астында қайықшымен есептесіп тұрғанда ол екеуі де үн-түнсіз баспалдақпен төменге түсті; өйткен себептері айқайлап дауыс шығаруға батылдары жетпейді. Ол төменге түскен уақытта бақылаушы қайыққа мініп, ал қайықшы арқанды шешіп үлгерген. Қайыққа секірулеріне де болар еді, бірақ бақылаушы жердегі түйнектелген ауыр арқанмен оларды үркітіп, секірулеріне жол бермеді.

 Аударған: Дәулет ТЕЛМАН