Шарль Пьер БОДЛЕР: «Шырқырайды көңілім – иен қалған мекендей...»
СИМВОЛИСТ
Шарль Бодлер (Charles Pierre Baudelaire 1821-1867) француз ақыны, ғаламат сыншы, эссегер. Өгей әкенің теңдессіз мейірімінде өткен балалық шағы аңыз бен ертегі секілді еркіндік пен мұңға ұмтылған қызық мінезді шайыр. Өлеңдері кіжіну мен мұңға толы. Лицейде оқыған, одан да қуылған. Қолында қомақты ақшасы болғандықтан оны оңды-солды шашып жеді. Жөп-шөкім әрекеттерге бой бермеген соң жанашырлары амалсыз Жағырияға (Үндіге) жіберді. Тілі мірдің оғындай шайпау болған Бодлер мұнда да оңған жоқ. «Сұрқия бәйшешек» кітабы ХІХ ғасырдағы Еуропа оқырмандарына ең ерсілі – қарсылы жақтарымен мәлім болды және өзі өмір сүрген қоғамға қатты әсер етті. Өте тұрпайы шығармасы үшін жаза жүктеуі өз алдына бір кеңес... Өзінен 23 жас үлкен символист Поль Верлен (1844-1896) екеуі дос болды. Американдық ақын Эдгар По (Edgar Allan Poe 1809-1849) шығармаларын тәржімалады. Оның көптеген өлеңдеріне әуен жазылды. Бейшора ақын 1865 жылы небәрі 45 жасында қан қысымнан жығылған.
Сұраған РАХМЕТҰЛЫ
Кешкі әуез
(Harmonie du soir)
Сөзі: Шарль Бодлер
Әуені: Лео Ферре
Таяқшасы міне оның дірілменен жалғасып,
Әр заматтың әтіріндей хош иісі әр гүлдің.
Дыбыстар мен жұпары еңкіл кешкі ауада алмасып
Мұңлы вальс баяу қалғып дестесінде жаңғырды!
Әр заматтың әтірі мен хош иісі гүлдердің
Скрипка сәл қиналған жүрегіңде рең мұң;
Вальс биі тербелгенде кірпігіңнен мұң көрдім!
Шеңберінен сенделіп бек батып кетті күрең Күн...
Скрипка дүрсілімен жүрегіңде рең мұң,
Қараңғыда ербиген бір үрейлі тақ жыр енді,
Ашық аспан мұң кілкіген түнергенде кие өңді!
Шеңберленген нұр шуағын шұбыртады күрең Күн...
Қараңғыда ербиген ең үрейлі ме реңді үн,
Өткен шақтың қирандысын жинауменен келесің!
Шеңберінен сенделіп бек батып кетті күрең Күн...
Мендегі ескі естеліктен жарқырайды елесің!
Хош иісі әтірдің
(Parfum exotique)
Кірпігімді жұмып үнсіз, күздің жылы кешінде,
Сенің ыстық құшағыңның хош иісі есімде,
Кең жағалау ең бақытты кеңістігім мен көрген,
Күндізгідей жарық оттар – құм жиегі есілген.
Табиғаттың таңғайыбы бейжай арал бұлыңғыр,
Мама ағаштың жемістері үйіреді тіліңді.
Жігіттердің кеуделері керім кербез сүліңгір,
Жанарлары бұрымдары бұлықсыған сұлу жүр.
Сенің иісің – теңіз иісі, жетелеген қай жаққа..
Желкендері, жел итерген кемедіңгек* айлақта...
Толқынында көк теңіздің салмағым жоқ, құрыды әлім,
Жасыл иісі аңқығанда жан-жағымнан құрманың,
Саф ауаның саумалына танауымды бір малып,
Жан дүнием теңізшінің әуезімен ырғалып.
---
Кемедіңгек - мачта, мәтшә.
Керім кетіп барады
(À une passante)
Озан шулы, көше гу-гу етеді,
Азалы ару қара киген қаралы.
Желбір-желең жел көтерген етегі –
Қолын сермеп керім өтіп барады.
Ақ балтырлы, кердең басқан,
сәл асқақ,
Жанары да бұлт бүркенген қара аспан.
Ішіп-жедім көзімменен аластап,
Пай-пай, паңдық жарасқан!
Ләззат пен ынтықтығым күндізгі,
Жарқыл ғайып... сосын айық түнгі ізді!
– Асқақ мығым шың мүсін!
Қарасы оның мені сілкіп тұрғызды.
Мәңгілікте көремін бе, үр қызды?
Өзге өңірде, шалғайдасың, жүр мейлі!
Тым кеш енді, жолықпаймыз, сірә да!
Сенің қайда жүргеніңді білмеймін,
Білмейсің сен мен қайдамын, сұрама..
Беу, мен сүйетін бір адам,
мен де оған ұнағам!
Күз әні
(Chant d’automne)
I
Жақындады суық күз баран жаққа батармыз,
Қош бол, біздің тым қысқа жаздың жарқын маусымы!
Ал қазірдің өзінде қаралы аза қаһарлы,
Аулаларда ағаштың бұтақтары таусылып.
Бүткіл қыстың хабары – болмысы да сұрықсыз,
Арып, шаршау, өшігу...ауыр тұрмыс кешемін.
Полярлық тозаққа күнім батқан – ырықсыз.
Менің қызыл жүрегім, қатқан беріш меселім.
Бөренелер құлаған аһұрғанын тыңдаймын
Жаңғырығы жоқ оның, тірегі жоқ бекемдей.
Менің ойым қираған мұнарадай бір қайғы,
Шырқырайды көңілім – иен қалған мекендей.
Монотондық күйзеліс – ойымды ойым уатты,
Тағы біреу асығыс табыт жасап шегелеп.
Кімдікі ол?
– кеше жаз, мына күз де жылатты!
Бұл жұмбақтың шешуі –
кетіп қалды не керек...
II
Телегей көзіңнің жап-жасыл нұрына келеді жаным малынғым,
Тәкаппарсың бірақ сен бүгін қаталсың қалқам сұлуым.
Музаңа керексіз ешбір төсегің, лаулап жанған жалының,
Жадыратады тек сені күннің теңіздегі жалқын жылуы.
Сонда да сен мені сүйесің, іңкәрлі нәзік сезіммен!
Шүкіршіліктен күшті, күпіршіл мүмкін
сұрқия зұлым шығармын.
Анамдай аялап, әпкемдей тәтті кезімде,
Кемерлей батқан күздегі күннің сыйлашы соңғы шуағын.
Ғұмырлар қысқа әрдайым!
Қабірлер күтеді бізді жұтады ажал бір келіп,
Қойныңда жатып өлейін, ып-ыстық кеудеңде
менің маңдайым.
Маусымның соңғы сары бояуларын бүркеніп!
Көкбауыр
(Spleen)
Қал жайым – тамырларында қағынған қағанға ұқсайды,
Қаным қайнайды, жаңбырлы таққа мініп кім қақпаны ұстайды?
Жасы, жас, кәрі-құртаңдар уақыттан сәтке алыстайды кіл,
Жалығу үшін жақсы жаңалықтардан қашудан жалықпайды бір.
Оның иттері ойыншықтарға әуес, алайда қатты алыспайды.
Аңшы иттің де, қыран құстың да еліктімейді ешбірі,
Шаршаған түрінде толқыған жылу жоқ, зілді кеспірі.
Есігінің алды өлген аруаққа толса да әрбір кешқұрым,
Сүйікті джестердің* ғана қияли лебіздерін естіді.
Ол ауру, қатыгез сайқымазақтың өңімен солай өшті үні.
Барлық патшалар таңсық көретін сарайдың сайқал қаншықтары да,
Кіл жаңа қаңқаның бұлыңғыр үрейін жеңілдетпеді әрі мансұқтады да.
Ұятсыз әжетханалар енді қараңғы,
Тіпті оның ләлагүл төсегі қабірге айналды қаңсып тағы да.
Алтын очерктерін босқа жазатын сөзін даналар шөппен қаптады,
Шіріп бүлінген штамм* дақылды тазарту үшін ұмытар жайды.
Шапшыған қанға толтырып ванналарды бұл баяғы өткен шақтағы
Римдіктер өздері ыстық қан суыған кездері мұны таңдайды,
Жасыл летиан* суы толтырылғанмен тағы қан тамырларына,
Өлген адамның жансыз ағзасын ешқашан жібіте алмайды.
---
Джестер - бұл сайқымазақ, оның тарихы орта ғасырларға терең енеді.
Штамм (немісше stamm – негізі) – морфологиялық және биологиялық қасиеттері бірдей микроорганизмдердің таза дақылы.
Мәслихат
(Correspondances)
Табиғат – ғибадатхана ибалы тірі тіректер,
Бейдауа сөздерді құсады кейде осы жүректер.
Кісінің сүлдері орманнан өтеді ретпен,
Мейірімді көздері жәудіреп қарайды қалың түнекке.
Алыстан үн қосқан озанға жаңғырық үн біткен,
Қараңғы түнерген тереңнен бірлікте,
Түн мен жарықтың қойынын жамылған,
Иіс, түстері, дыбыстар үндескен –
бір нүкте.
Керімдей балғын бір хош иісі сәбидің,
Кеңсірік қытықтап үрлеп кеп,
Сыбызғы үніндей жұп-жұмсақ,
Жап-жасыл жұмағы пәнидің.
Қисапсыз аңқылдың барына қанағат қылмайды,
Кәріптас, мускус*, бензоин* әтірдей бәрі бар мұндайдың,
Рух пен сезімдер жасанды дауларын жырлайды.
---
*мускус – өсімдіктен алынатын хош иісті әтір
* бензоин – әк тастан алынатын қышқыл
Альбатрос
(L'albatros)
Боз кеме жүзеді соңында толқыны таза аппақ,
Зулайды теңіздің ақ шаңқан құстары, ғажаптар.
Мұхиттың альбатростары ал мұнда мазақта,
Көңілін көтеріп, дәуірігіп еріккен кемеші* азаптап.
Құстардың тақтаға қонғаны дырдуға анталап,
Көгілдір* қағанның ебедейсіз көзіндей көлгірсіп* қанталап,
Жайылған қанаты, қорғалап, бишара жорғалап,
Мықшыңдап зорғалап сүйрейді есекше зәнталақ.
Аңғалдау құстардың жуасы-ай, бейбағы- ай*,
Ол бұрын* айнадай аспанда самғаған сорлары қайнамай!
Біреуі мүштекпен тұмсығын күйдіріп тастады
Бір мимдер* мазақтап жорғалып қашқанын тайрағай!
Дауылды аңдағай, мергеннен сескенбей таң атпақ,
Ақындар бұлттардың ханзада әмірі сықылды баяғы заматтан.
Шуылдақ тобырдың ішінде не түрлі ауыр сын
Жорғалап жүруге кедергі жасайды қауырсын қанаттар.
----
Мим - театрда пантомима орындаушы актерлерді осылай атайды кейде.
1 экипаж: қайықта жұмыс істейтін барлық адамдар
2 еріншек: немқұрайлы, жалқау
3 көгілдір: мұнда аспанды белгілейді
4 омыртқасыз: қорқақ
5 бұрын: бұрын
Серуенге шақыру
(L’Invitation au Voyage)
Балам менің, айналайын бауырым,
Алыс шалғай сапарларда жүргенде,
Түстей ғайып түндерде
Саған ұқсас ортада әндетер ем дәуірігіп.
Мәңгілікке қалсам ба деп бұл жерде
Түнергенде теңгір Көк
Күн қабағын түргенде!
Көкірегімді үрлеп көктер еді бір демде
Кірпігімді көздің жасы бүргенде
Жұмбағы мен жұмағына сіңгенде
Мүрдем сенің жанарыңа кіргендей.
Мұнда бәрі тиянақты тым ыстық,
Сән-салтанат, тылсымдық пен тыныштық .
Жиһаздары жылдар сүрткен
бұл үйдің,
Бөлмемізді безендірген тым игі.
Ең әдемі сирендердің иістерімен жылиды.
Кәріптастың ғажаптығы паң айбат,
Төбемізден шуақ төгіп маңайға
Терең тұнық кабырғада шар айна,
Паң Шығыстың қоңыр әні – күй түрлі
Онда бәрі жарқырайды қалайда.
Жанға аңыз жасыратын сүйкімді,
Оның тәтті саздары да сиқырлы.
Мұнда бәрі тиянақты тым ыстық,
Сән-салтанат, тылсымдық пен тыныштық .
Бізді күткен арналар мен айлақтар,
Ақ кемелер қалғып мүлгіп жай жақта.
Көңіл-күйін өзгертетін айғақтар;
Ол қанағат армандары сенгісіз
Қалауыңыз үшін тағы ең кіші,
Дүниенің бір шетінен келеді олар байрақтап...
Күннің жалқын батқаны
Гүлзарларды бұрқақ жуып баптады,
Жайнап бүкіл қала саябақтары,
Жаңбыр гүлі гиацинт пен алтындай
Дүм-дүние манаураса тек осылар арқылы
Жып-жылы рай кереметтің жарқылы.
Мұнда бәрі тиянақты тым ыстық,
Сән-салтанат, тылсымдық пен тыныштық .
Айдарлы
(La Chevelure)
Оу, жүнді бас жалбыраған жүндестім!
О, бұйралар!
Ей, иіссулы гүл кескін!
Экстази қоздырғышы!
Қараңғыны қаптау үшін бұл кеште
Айдарымның арасында естеліктер мінгесті,
Басымдағы орамалдай желбіресем күнде өстіп!
Мұңлы Азия, Африканың аптабына күйіп тұр,
Қақ жарымы тірі өліктей алыста өскен құйықтың.
Толқын тоғай шашыңызда иіскесем ұйып бір!
Өзге рух әуендерге шомылғандай сиықты,
Иісіңізге сүңгісем ғой махаббатым, сүйіктім!
Қапырық күн қақтайды кеп аптабы өтіп денеге;
Теректерді саялаймыз көлеңкеге ере кеп.
Қос өрімдер, бұрымыңнан тағып маған бере кет!
Қара шашың – қара теңіз ескек пенен делебе,
Қайталанбас желкендерім көрген түстей керемет...
Жанымызды жадыратқан айлағымнан түлеп үн,
Толқын толғап жүрегіммен, ылғал иісін лебін.
Кеме толы алтын, күміс арайына сіңемін,
Мәңгі көктің манаураған іңірдегі ніл өңін,
Құшағымды жаямын да күтіп тұрам үнемі...
Өн бойына өзге әлемді сіңіргендей ән көкті,
Сүңгимін деп сүмбіліңе жаным құрып, әл кетті.
Жанымменен аялайтын нәзіктігің меңдетті,
Жұмақтай бір ғаламдағы жұпарыңа терлеппін,
Жайлы шақтың шаттықтығы үнсіз мені тербетті!
Көгілдір шаш, керілген дүр қараңғының сән бағы,
Беу көрікті көкжиегі көк аспанның – таң дағы.
Бұрымдары бұлықсыған гүл үлпілдек –
саңлағым,
Күн кокостың иістерін таңдадым мен маңдағы,
Жұпаргүлдің бал шырынын, нұр шырайын пальманың.
Зау уақыт!
саусақтарым бұрымыңды тарады!
Лағыл, інжу, жақұт жұққан далабың,
Нәзік, ұяң қалауымды қаламаңыз, қалаңыз!
Кең жазирам, бақбағым сен, баққаным сен қарағым.
Естелікпен арманымның нобайлары сананың,
Осы үшін қылқылдатам қиялымның шарабын.
Қазақшалаған: Сұраған РАХМЕТҰЛЫ